Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдарын біріктіретін өңірлік құрылым ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің 28-отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғары аудиторлық палата сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Иран, Қырғызстан, Пәкістан жәнетТүркияның мемлекеттік аудит органдарының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияны Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов басқарды.
Қатысушылар ЭКОСАИ Бас хатшылығы мен Оқу комитетінің жұмысы, бірлескен жобалар, қол қойылған меморандумдар және өткізілген тренингтер туралы есептік ақпаратты қарады.
Сонымен қатар IT-аудит бойынша жұмыс тобын құру мәселесі талқыланды.
Әлихан Смайылов өз сөзінде жоғары аудит органдарының алдында мемлекет қаржысы мен ресурстарын пайдалану ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұрғанын атап өтті.
Осыған байланысты ЭКОСАИ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың маңызы зор, өйткені ол аудиторларға өзекті трендтерді талдауға, біліктілігін арттыруға, мемлекеттік аудит әдіснамасын жетілдіруге, сондай-ақ тәжірибе мен әзірлемелермен алмасуға мүмкіндік береді.
ЭКОСАИ мүшелерінің бірлескен күш-жігері біздің елдеріміздегі аудиторлық қызметтің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін, — деді ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов қазіргі уақытта бүкіл өңірде мемлекеттік аудит жүйесін үдемелі жетілдіру жүріп жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, Қазақстанда Жоғары аудиторлық палатаның мәртебесі көтеріліп, өкілеттігі кеңейтілді. Мәселен, өткен жылы Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджет қаражатын пайдалануға аудит жүргізу және барлық басқа мемлекеттік аудит органдарының аудит қорытындыларын қайта қарау құқығына ие болды.
Бұл трансформация – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістердің бір бөлігі, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің отырысы барысында қатысушылар мемлекеттік қаражатты пайдаланудың есептілігі мен нәтижелілігін қамтамасыз ету, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, мемлекеттік аудиторлардың кәсіби деңгейін одан әрі арттыру және т. б. мәселелер бойынша пікір алмасты.
Отырыс қорытындысы бойынша ЭКОСАИ қызметінің негізгі бағыттары бойынша Бас хатшының есептері бекітілді.
Астанаға жұмыс сапары аясында ЭКОСАИ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының өкілдері де осы күндері елордада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, Қазақстан Республикасы Президентінің орталығына барады.
Анықтама ретінде: бүгінгі таңда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.
ЭЫҰ елдерінің жоғары аудит органдарын біріктіретін ЭКОСАИ ұйымы 1994 жылы құрылды. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы 2023-2025 жылдарға арналған ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің құрамына сайланды.