Астанада Қазақстанның әр өңірінен келген 20 команданың басын қосқан Astana FIDA Drone Soccer Championship 2026 республикалық дрон-футбол чемпионаты өтті. Жарысқа Көкшетау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Алматы және Астана қалаларынан командалар қатысып, жастар арасында технологиялық спорт түрлері мен ұшқышсыз технологияларға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.
Чемпионат Астана қаласы әкімдігінің және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараны «Қазақстан дрон-футбол қауымдастығы» қоғамдық қоры өткізді.
Жарыс барысында қатысушылар дрондарды басқару шеберлігін, командалық өзара іс-қимылын және стратегиялық ойлау қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Ойындар Дрон-футбол халықаралық федерациясының (FIDA) халықаралық ережелеріне сәйкес өтті.
Чемпионат қорытындысы бойынша бас жүлдені елордалық Skillset_Eagles командасы иеленді. Жеңімпаздарға 2026 жылдың шілде айында Корея Республикасында өтетін халықаралық дрон-футбол жарыстарына қатысу жолдамасы табысталды. Қазақстанның намысын халықаралық аренада дәл осы Skillset_Eagles командасы қорғайтын болады.
Дрон-футбол – бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар инженерлік ойлауды, техникалық құзыреттерді және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Осындай турнирлер жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне ықпал етіп, олардың болашақ кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының директоры Әлихан Рыспай.
Astana FIDA Drone Soccer Championship 2026 чемпионатының өткізілуі Қазақстандағы технологиялық спортты дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Сонымен қатар турнир мектеп оқушылары мен студенттер арасында STEM бағыттарын, робототехниканы және ұшқышсыз технологияларды кеңінен насихаттауға ықпал етті.