Елорда тұрғыны қорғау нұсқамасының талаптарына қарамастан, төрт ай бойы бұрынғы бірге тұрған әйелді заңсыз қудалаған: оған қоңырау шалып, хабарламалар жіберген, тұрғылықты жеріне барған, үйінің маңында күтіп тұрған және балағат сөздер айтқан.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, сталкинг нәтижесінде жәбірленуші өзінің және кәмелетке толмаған қызының қауіпсіздігі үшін үнемі алаңдап, қорқыныш сезімінде болған, оның жеке қауіпсіздікке және еркін қарым-қатынас жасауға деген құқықтары бұзылған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдеді. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады, - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы сталкинг, яғни күш қолданумен байланысты емес, адамның еркіне қарсы байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған әрекеттер арқылы көрініс табатын, елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау үшін елу тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады.
Еске салсақ, Алматыда әйел отбасылы ер адамға сталкинг жасағаны хабарланған болатын. Биыл қалада мұндай бір жағдай тіркелген.
Тағы оқи отырыңыз: Қанша қоңыраудан кейін сталкинг басталады? – депутат
Ұрып-соғу мен сталкинг: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы не білу керек?