Астанада борышты басқаруда бұзушылықтар анықталды

Бүгiн, 10:30
125
Бөлісу:
Астанада борышты басқаруда бұзушылықтар анықталды
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша Астана қаласының тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері борышынның басқарылу тиімділігіне аудит жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аудит нәтижесінде мыналар анықталды: бюджеттік кредиттеуге бағытталған бюджеттік бағдарламаларға қаржылық-экономикалық негіздемелерді сапасыз әзірлеу, сондай-ақ олар бойынша қажетті сараптамалардың болмауы;

бюджеттік кредиттер бойынша жоспарланған әсерлерге қол жеткізуді және олардың Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін бағалау бойынша жүйелі жұмыстың болмауы; кредиттік қаражаттың қайтарылмауының жоғары тәуекелдері, атаулылық, негізділік, тиімділік қағидаттарын бұзылуы;

бюджеттік кредиттеу процестерін ұйымдастыруда жергілікті атқарушы органдардағы цифрландырудың төмен деңгейі және т.б.

Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша 32,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 50,3 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау, 1,5 млрд теңгеге тиімсіз пайдалану анықталды. Ықтимал қаржылық шығындар 32,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. 160 рәсімдік бұзушылық және 12 жүйелік кемшілік анықталды.

Биыл 25 шілдеде тексеру комиссиясы Астана қаласы мәслихатының депутаттарының қатысуымен аудит нәтижелері бойынша отырыс өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік, мемлекет кепілдік берген борышты, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері борышының басқарылуына мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит барысында соңғы 5 жылда жергілікті атқарушы органдардың жалпы борышы 2,5 есе ұлғайғаны анықталды. Бұл ретте оны бақылаудың тиімділігі төмен, бұл өңірлердің кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмауының едәуір тәуекелін тудырады.

Мәселен, ҚР ҰЭМ жеткізген қарыз алу лимиттері (кірістің 10%-нан аспайды) жекелеген жағдайларда сақталмайды. Жергілікті атқарушы органдар борышын басқару ретсіз және формальды түрде жүзеге асырылады. Жұмыспен қамту және тұрғын үй құрылысының бағдарламалық мақсаттарын қоспағанда, қарыз алу шеңберінде қойылған міндеттер жүйелі негізде қадағаланбайды. Қарыз алудың әсерін бағалау да жүргізілмейді. Қаржы министрлігінің бұл саладағы функциялары тек есептік ақпаратты жинаумен шектеледі, бұл өңірлердегі борыштық жүктемені шектеу жөнінде алдын ала шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың тексеру комиссияларына Жоғары аудиторлық палатаға қорытындыларын ұсына отырып, жергілікті жерлерде тиісті аудиттер жүргізу тапсырылды.

Анықтама ретінде: тексеру комиссиялары өз қызметін басқа мемлекеттік аудит органдарына тәуелсіз жүзеге асырады. Олар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады және өз жұмысында тиісті облыстың немесе қаланың мәслихатына есеп береді.

#Жоғары аудиторлық палата#

Өзгелердің жаңалығы