Астанада бокстан VI спартакиада өтеді

9 Қараша 2023, 05:30
684
Бөлісу:
Астанада бокстан VI спартакиада өтеді

Астана қаласында бокстан 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы спартакиада турнирі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Байрақты бокс бәсекесі «Beeline Arena» спорт кешенінде 13-19 қараша аралығында өтеді. Ел астанасында ұйымдастырылатын жарысқа әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден 250-ден астам былғары қолғап шеберлері сынға түсетін болады.

Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңімпазды анықтайды.

Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жектерін күндізгі 12:00-ден бастап, «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады.

Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 19 қарашада анықталады.

Турнир жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік, бұған дейін Спартакиаданы 2019 жылы Қызылорда қаласы қабылдаған еді.

Іс-шара ҚР Туризм және Спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен өтеді.

Өзгелердің жаңалығы