Астанада боччадан республикалық ашық турнир өтіп жатыр

4 Наурыз 2024, 21:42
378
Бөлісу:
Астанада боччадан республикалық ашық турнир өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Астанада боччадан Қазақстандағы тұңғыш бапкер әрі насихаттаушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналаған республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елорда әкімдігінің есми сайтының мәліметі бойынша, Паралимпиадалық спорт түрі боччадан Қазақстандағы тұңғыш бапкер әрі насихаттаушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнирі «Аспан» спорт кешенінде басталды.

3 күнге жалғасатын бәсекеде еліміздің 10 өңірінен 70-ке жуық спортшы жасөспірім және ересектер санаты бойынша жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Осы орайда турнирдің басты фавориттерінің бірі болған елордалық Итиана Шыңғысханқызы өз ойымен бөлісті.

Бочча ойынының ережесі өте қарапайым. Ойын алаңында ақ доп тұрады. Мақсат — доптарды барынша ақ доптың қасына жинау. Бары осы! Бастапқыда доп лақтыруымен айналысқым келмей, анамның айтқанына қарсы болдым. Бірақ секцияға келгенде бұл менің спортым екенін түсіндім. Қазіргі уақытта 2023 жылы өткен Қазақстан кубогының чемпионымын. Бұл жарысты дайындық ретінде есептеймін. Ең ірі турнирім — 2023 жылы Ханчжоудағы Пара Азия ойындары. Алғашқы ойында Иран өкілі Зариеф Ахмадиді 8:4 жеңгеніммен, келесі кездесуде 3 дүркін Паралимпиада чемпионы Лэм Яенг Яу мен Бейжің Паралимпиадасының қатысушысы Хой Инг Карен Квокке (Гонконг) есе жібердім. Бұл мен үшін өте үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта қателіктеріммен жұмыс істеудемін, - деді Итиана Шыңғысханқызы.

Итиананың айтуынша, ел ішінде оның жоғары жетістікке жетуіне басқа спорт түрімен де айналысуы көмектесіпті.

Бұған дейін үйде жүгірдім. Артынша жүзуге бардым. Мұның барлығы арқамды дұрыстап, физикалық күйімнің күшеюіне әсер етті. Шыдамдылық және дұрыс стратегия таңдай білу боччадағы жеңістің басты кілті, - деді қайсар спортшы қыз.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, боччаға қызығушылық уақыт өткен сайын артуда. Желтоқсан айында ұйымдастырылған Қазақстан кубогында 53 спортшы қатысса, осы турнирде олардың қатары 70-ке дейін өскен.

Өзгелердің жаңалығы