Астанада мектепті 21 жыл бойы басқарған директор неліктен басқа мектепке ауыстырылмай отыр? Бұл сұраққа Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2021 жылы білім министрінің білім беру ұйымдарын 7 жылдан артық басқарып отырған директорларды ротациялау туралы бұйрығы бекітілген болатын. Соған сәйкес, бір директор мектеп пен балабақшада 7 жылдан артық отыруға болмайды.
Астанадағы №17 мектептің директорының аталған мектепті басқарып отырғанына биыл 21 жыл болыпты. Не себепті ұзақ жыл отырған директорлар ауыспайды? – деп сұрады журналистер спикерден.
Ол кісі (№17 мектептің директоры – авт.) қазір зейнет жасына шықты. Ротациялау тәртібі бойынша зейнет жасына 2-3 жыл қалған директорлар ротацияланбайды. Сондықтан ол кісінің 40 жылға жуық тәжірибесін ескеріп, осы жылдың аяғына дейін келісімшарт жасалған болатын, - деп жауап берді басқарма басшысы.
Сөзінше, №17 мектептің директоры келісімшарт аяқталған соң зейнетке шығады. Ол атап өткендей, былтыр ротация тәртібімен 30-дан астам директор ротацияланды. Биыл 25-тен астам білім беру ұйымында 7 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген басшылар ротацияланды.
Қасымхан Сенғазыев осы тәртіп бойынша директорларды ротациялау жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.