Астанада күздің соңына қарай жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырғандар саны артып отыр. Тек 12-18 қараша аралығында 21 мыңнан астам жағдай тіркелген. Сырқаттанғандардың басым бөлігі – балалар. Ал соңғы аптада 159 мектептің 2 мыңнан астам оқушысы инфекция жұқтырған. Дегенмен білім беру ұйымдарында карантин енгізуге немесе оқу процесін тоқтатуға негіз жоқ. Бұл туралы Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабалрлайды BAQ.KZ тілшісі.
ЖРВИ жұқтырғандардың 57,6 пайызы – балалар
2026-2027 жылдардағы эпидемиялық маусым басталғалы, яғни 2026 жылғы 1 қазаннан 18 қарашаға дейін ЖРВИ-дің 89 942 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 5 487 болды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылықтың үлесі 57,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 100 мың балаға шаққанда 10 779,6 жағдайға тең, – деді Айгүл Шағалтаева.
Бас санитарлық дәрігердің мәліметінше, 12-18 қараша аралығында бір аптада ЖРВИ-дің 21 158 жағдайы тіркелген. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1 290,7 болды. Ауырғандардың 60 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 38 пайызға төмендеген, – деп атап өтті ол.
159 мектепте оқушылар ауырған
Қала мектептерінде де ЖРВИ жұқтырған оқушылар бар. Соңғы аптада, яғни 12-18 қараша аралығында 159 мектепте инфекция тіркеліп, 2 016 оқушы ауырған. Бұл мектеп оқушыларының жалпы санының 0,6 пайызына тең.
Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, білім беру ұйымдарында сырқаттанушылықтың шекті деңгейі асқан жоқ.
Мектептерде ЖРВИ-дің шекті деңгейі, яғни ауруға шалдыққан оқушылар саны 20 пайызға және одан жоғары көрсеткішке жеткен жоқ. Осыған байланысты кабинеттік оқыту жүйесін тоқтатуға немесе оқу процесін уақытша тоқтата тұруға негіз жоқ, – деді бас санитарлық дәрігер.
ЖРВИ-ден қалай сақтануға болады?
Маман сырқаттанушылық деңгейі жоғары кезеңде қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға шақырды. Оның айтуынша, инфекцияның таралу қаупін азайту үшін қоғамдық орындарда медициналық маска тағу және адам көп жиналатын жерлерге баруды шектеу қажет.
Мүмкіндігінше, әсіресе балалармен, егде жастағы адамдармен және созылмалы аурулары бар адамдармен қарым-қатынасты шектеңіз. Қолыңызды антисептикалық құралдармен үнемі өңдеңіз. Инфекцияның таралу қаупін азайту үшін қоғамдық орындарда медициналық маска қолданып, адам көп жиналатын орындардан аулақ болған жөн. Есіңізде болсын: аурудың алдын алу оны емдегеннен әлдеқайда оңай. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! – деп ескертті Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева.