Астанада әскерге шақырылғандар борышын өтеуге салтанатты түрде аттанды

Бүгiн, 19:21
178
Бөлісу:
Астанада әскерге шақырылғандар борышын өтеуге салтанатты түрде аттанды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы «Жастар» сарайында «Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат!» әскери-патриоттық акциясы өтті, деп хабарлады BAQ.KZ.

Осылайша салтанатты жағдайда күзгі әскерге шақырылғандар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қабылданды.

Бүгін әскерге шақырылушылар Шекара қызметінің Зайсан ауданының басқармасына аттанады. Олар алдымен 3 ай бойы әскери дайындық орталығында болады. Мұнда әскери қызметтің қыр-сырын үйренеді. Кейін шекара бөлімшелерінде өз мерзімдері аяқталғанша қызмет етеді. Аталмыш басқарманың бір ғасырлық тарихы бар. Биыл 100 жылдығын атап өттік, - деді запастағы полковник Әбусағит Төлегенов.

Әскери-патриоттық акцияға Қарулы Күштері Бас штабы өкілдері, ҰҚК Шекара қызметі басшылығы, Астана қаласының әкімінің орынбасары, «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ басшылығы, Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, ҚК және ҰҚК Шекара қызметі ардагерлері генералдар мен офицерлер, сондай-ақ «Жас сарбаз» жасөспірімдер мен балалар ӘПК тәрбиеленушілері қатысты.

Құрметті жас сарбаздар мен ата-аналар! Бүгін сіздер өмірлеріңіздің маңызды әрі жауапты кезеңіне – Отанға қызмет етуге аттанасыздар. Бұл тек міндет қана емес, бұл абырой мен парыз. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету сіздерден ерлік пен тәртіпті талап етеді. Абыроймен, намыспен қызмет етіңіздер. Отанымызды лайықты қорғаңыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – әскери қызметтің оң беделін одан әрі көтеру және жастарға әскери патриоттық бағытта тәрбиелеу.

Биыл еліміз бойынша 40 мыңнан астам адам мерзімді әскери қызметке шақырылатын болса, олардың жартысы көктемгі науқанда сарбаз атанып, Отан алдында әскери ант қабылдап та үлгерді. Осы күзгі әскерге шақыру науқанында әскери бөлімдерге 20 мыңнан астам 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды шақырамыз. Солардың кезекті бір бөлігі міне орталарыңызда отыр. Отан қорғау – бұл жай ғана сөз емес, бұл әр азаматтың өз үйі мен отбасын, шаңырағын қорғауды үйренуі, заманауи техника мен қару-жарақты игере білу, ал ең бастысы, өзінің ерік-жігерін адамзаттың жарқын болашағы үшін жұмсай алуы, - деді Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысы, полковник Фархат Құрманғажинов.

Сондай-ақ мұнда әскери техника мен қару-жарақ және киім үлгілерінің көрмесі өтті.

Өзгелердің жаңалығы