Астанада асфальт «көрмеген» қанша көше бар?

26 Желтоқсан 2023, 09:01
2355
Бөлісу:
Астанада асфальт «көрмеген» қанша көше бар?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елордада 1 мыңнан астам көше бар. Оның 803,7 шақырымына асфальт төселген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас қалада көшелердің 90,7%-ы асфальтталған

«Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ (бұдан әрі – Басқарма) басшысының орынбасары Ержан Диханбаев мәлім еткендей, ел астанасындағы көшелердің 90,7%-ына асфальтбетон төселген.

Астана қаласының көше-жол желісінің ұзындығы 868,3 шақырымды құрайтын 1129 көшеден тұрады. Оның 803,7 шақырымында (90,7% пайыз) ішкі асфальтбетоны жабыны бар, ал 64,6 шақырымы (9,3% пайыз) асфальттанбаған. Сонымен қатар 60 инженерлік құрылым бар. Оның ішінде 8 көлік айрығы, 9 жол өтпесі, 24 автожол және 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 4 жер үсті және 9 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі, - деді ведомство басшысының орынбасары.

Астанада келесі жылы қанша көпір салынады?

Диханбаев қолданысқа берілген көпірлер туралы айтты. Сөзінше, келесі жылы Қазақ мемлекеттік заң университеті ауданында тағы бір көпір бой көтереді.

Өткен жылы Ұлы Дала даңғылы бойындағы және А62 көшесіндегі (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде) жаңа көпір бойынша қозғалыс ашылды. Бұл көше Қарағанды тас жолы мен «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы мен қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұлы Дала даңғылындағы көпір Мәңгілік Ел даңғылын, А. Байтұрсынов, Р. Қошқарбаев, Ж. Нәжімеденов көшелерін, Nova City ауданын, «Мыңжылдық» аллеясын ішінара түсіруге, «Нұрлы Жол» жаңа вокзалының, Тельман және Промышленный тұрғын алаптарының, МЕТРО гипермаркеті ауданының, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келесі жылы Есіл өзені арқылы Кенесары көшесімен (КазГЮУ Университетінің ауданында) тағы бір көпір салуға кірісу жоспарлануда, - деді ол.

Бір көпірді салуға қанша жұмысшы жұмылдырылады?

Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары биыл күзде пайдалануға берілген көпірді тұрғызуға қанша жұмысшы тартылғанын айтып берді.

29 қазаннан бастап Тәуелсіздік көпірі арқылы жол жүру қамтамасыз етілді. Көпірдің ұзындығы - 286 метр, ені - 53 метр. Ал жолақтарының саны – 8. Көпірде жаяу жүргіншілер тротуарлары қарастырылған. Оның ені – 3 метрге жетеді. Сонымен қатар ені – 1,5 метрді құрайтын велосипед жолы да салынды. Бұдан бөлек жол жиектерінің бойында 0,8 метрге жететін техникалық тротуарлар бар. Жалпы көпірді тұрғызуға 350 жұмысшы тартылды. Құрылыс барысында заманауи технологиялар қолданылды. Атап айтқанда шұңқырды қадалармен бекіту құрылғысы (ред. - жердегі қабырға) - ұзындығы 100 метр және көлемі 2600 м3; тұтас тіреулерде ажырамас жүйенің монолитті аралық құрылымын орнату; геосинтетикалық торларды қолдана отырып, армагрунт тіреу қабырғаларын орнату, - деді Ержан Диханбаев.

Жаңа көпір арқылы қанша көлік қатынайды?

Диханбаев Астанада қолданылатын зияткерлік көлік жүйесінің деректерін келтірді. Айтуынша, Тәуелсіздік бойындағы көпір арқылы 61 мыңға жуық көлік қатынайды.

Зияткерлік көлік жүйесінің деректері бойынша Тәуелсіздік даңғылының бойындағы көпірдің ашылуы тәулігіне екі бағытта 61 мыңға жуық көліктің тәулік бойы қозғалысын қамтамасыз етті. Нәтижесінде Түркістан, Ақмешіт және Мәңгілік Ел көшелеріне түсетін жүктеме азайды. Бұл ретте Ұлы Дала көпірінен түсетін жүктеме айтарлықтай төмендеп, қала көшелерімен өтетін көлік жүгірістерін азайтып, азаматтарға межелі жерге дейін неғұрлым ұтымды жолмен жүруге мүмкіндік берді, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Диханбаев Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпір қаланың сол жағалауындағы «пробка » мәселесін едәуір жеңілдеткенін айтты.

Қарбалас уақытта ең көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік Ел даңғылы, Қабанбай батыр, Тұран, Сарайшық, Қонаев көшелері және т.б. Биыл бұл мәселені ішінара шешу Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпір арқылы өтуді қамтамасыз етті. Бұл көпір жолдардағы қозғалысты едәуір жеңілдетуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, А. Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Б. Момышұлы даңғылы және т. б. қосымша байланысты қамтамасыз етті. Келесі жылы Қабанбай батыр даңғылына шыққанға дейін Тәуелсіздік даңғылының жалғасын салуды бастау жоспарлануда. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік Ел даңғылы, Қабанбай батыр, Түркістан, Керей Жәнібек хандар және Айтматов көшелеріндегі жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған барлық шара қаланың көлік желісіндегі жағдайды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы