Астанада алғаш рет «Толағай» алыптар сайысы өтті

7 Шілде 2023, 05:27
2503
Бөлісу:
Астанада алғаш рет «Толағай» алыптар сайысы өтті
Фото: Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана төрінде алғаш рет елорданың 25 жылдығына арналған «Толағай» алыптар сайысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұлы Даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай еліміздің әр өңірінен 15 спортшы бақ сынады.

Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дәулет Тұрлыханов, Иса Қазыбек және «Толағай» алыптар сайысының авторы Темір Спатаев қатысып қатысушыларға сәттілік тіледі.

Астанада алғаш рет «Толағай» алыптар сайысы өтті

«Толағай» алыптар сайысы – бұл салауатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнир. Ерекше жоба алғаш рет 2022 жылы Жер жәнаты Жетісу облысының Жаркент төрінде жүзеге асқан еді. Бүгін міне Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткізіліп отыр. Осындай алыптар сайысынан аты аңызға айналатын спортшылар шығып, кешегі ел тарихындағы толағайлардың ізін басатын, тұлпарының дүбірі даланы шайқаған батыр бабалардың ұрпағы деген атқа лайық болатын алыптардың қатары көбейе берсін, – деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 140 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.

Бес сайыстың қорытындысы бойынша 120 ұпайпен Шымкент қаласының тумасы Әділет Нұрғиса III орынға ие болып, 400 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. 122 ұпай санмен Қонаев қаласының спортшысы Фаид Теңізбаев жүлделі екінші орынға ие болып, 600 000 теңге қаржылай сыйлық ұтып алды. Ал оза шапқан білекті батыр түркістандық Азамат Мақұлбековке бұйырды. Ол «Толағай» алыптар сайысының жеңімпазы атанып 1 млн теңгеге ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша былтыр Жетісу жерінде өткен дода, енді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құраған турнир Астана қаласының әкімшілігінің орталық алаңында өтті.

Өзгелердің жаңалығы