Астана қаласының Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Қорғаныс министрлігі бұл бастаманы Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қызметі шеңберінде іске асырды. Чемпионатты өткізу Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырылған және қазақ күресінің ұлттық бренд ретінде дамуына, сондай-ақ әскери спорттың әлемдік аренасында Қазақстанның ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.
.jpeg)
Әскери қызметшілер арасында біріншіліктің салтанатты ашылу рәсіміне орталық мемлекеттік органдардың, күш құрылымдарының басшылары және Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) Президенті Бразилия Қарулы күштерінің полковнигі Ролим Фильо Нилтон Гомес қатысты.

Елімізде осындай ауқымды халықаралық турнирді өткізу – үлкен мәртебе. Әскери спортты дамытуға және ұлттық күрес түрлерін насихаттауға үлес қосып жатқанымыз біз үшін зор мақтаныш. Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, нағыз спорттық бәсекелестік рухта өтетініне сенімдімін. Бүгінгі жекпе-жектер барлық қатысушыларға жарқын эмоциялар, нағыз сайыс пен ұмытылмас әсер сыйлары анық. Ұлттық спортымыз – қазақ күресі болашақта Дүниежүзілік армия спорты кеңесінің бағдарламасында лайықты орын алады деп сенемін, – деді ҚР Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов ашылу салтанатында.
.jpeg)
CISM спорт форумына қатысушылар шеруі Бразилия, Венесуэла, Гана, Иран, Италия, Камерун, Қытай және басқа 25 елдің әскери командаларын тоғыстырды. Жарысқа 150-ден аса спортшы келді.
.jpeg)
Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен CISM туын көтеру құрметіне ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының спортшылары, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері капитан Ғұсман Қырғызбаев пен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері капитан Зәмзәгүл Файзолланова ие болды.
.jpeg)
“Батырлар ізімен” театрландырылған қойылымы, фольклорлық-этнографиялық дефиле және “Намыс” финалдық нөмірі тамаша сәтті айшықтай түсті.
.jpeg)
Балуандар боз кілемге шыққан сәттен турнирдің жарыс бөлігі басталды. Жекпе-жек ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде өтіп жатыр.
.jpeg)
Чемпионат қазақ күресінің ежелгі спорт түрін халықаралық аренада дамытуға, әлем әскерлері арасындағы спорттық, мәдени және достық байланысты нығайтуға бағытталған.