Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам делегат жиналды.
Құрылтай барысында партияның қызметін ресми түрде бастауға қажетті шешімдер қабылданбақ. Ұйым өз бағдарламасының негізгі өзегі ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатын алға шығарып отыр. Партия өкілдерінің пікірінше, қоғамдағы әділеттілік ең алдымен заңның бәріне бірдей қолданылуымен өлшенуі керек.
Партия ұстанымында әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен даму басты құндылық ретінде көрсетілген. Сонымен қатар заң талаптары әлсізге ғана қатал болып, ықпалды топтарға жеңілдік жасалмауы тиіс екені айтылған. Себебі құқықтық нормаларды таңдаулы түрде қолдану азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер етеді деп есептейді.
«Әділет» партиясы Қазақстанда адал еңбек еткен әр азаматтың еңбегі әділ бағаланатын орта қалыптастыруды көздейді. Мамандығына немесе жұмыспен қамтылу формасына қарамастан, еңбек адамына тең мүмкіндік берілуі қажет деген ұстаным алға тартылған. Сондай-ақ партия елдің технологиялық, зияткерлік және институционалдық тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған жаңғыру бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.
Бағдарламада адами капитал мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы қоғам сапасын арттыру маңызды бағыттардың бірі ретінде аталды. Партия медициналық жүйе есеп үшін емес, ең алдымен адам денсаулығына қызмет етуі керек деп санайды. Бұдан бөлек, алғашқы медициналық көмекті күшейту және медицина қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасау қажеттігі айтылды.
Партия өңірлердің дамуы елдің шынайы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді деп есептейді. Осыған байланысты барлық аймақ мемлекеттік қолдау мен даму мүмкіндігіне тең дәрежеде ие болуы тиіс деген ұстаным ұсынылды.
Халықаралық саясатта «Әділет» партиясы Қазақстанның жауапты орта держава ретіндегі рөлін күшейтіп, жаһандық қайшылықтарды теңгеруге ықпал ететін тұрақтандырушы мемлекет ретіндегі беделін нығайтуды мақсат етеді.
Саяси ұйым саяси жауапкершіліктің жаңа тәсілін енгізуді де ұсынып отыр. Атап айтқанда, партиялар сайлаушыларға бағдарламасындағы әр тармақ пен берілген уәделердің орындалуы жөнінде тұрақты түрде ашық есеп беруі керек деген пікір білдірді.
Партия өз жұмысын жүргізуге арналған цифрлық платформаны да іске қосты. «Әділет» партиясының ресми платформасы арқылы азаматтар мүшелікке өтініш бере алады, түрлі бастама ұсынып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға қатыса алады.
Партия қатарына Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған, Жарғысы мен бағдарламасын қолдайтын азаматтары қабылданады. Ал заң бойынша саяси ұйымдарға мүше болуға шектеу қойылған тұлғалар партия құрамына кіре алмайды.
Еске салайық, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа саяси партия құру туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Келесі күні Әділет министрлігі тиісті хабарламаның қабылданғанын растады. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі құрылтай съезі партияны құру процесіндегі негізгі кезеңдердің бірі саналады.
Қазіргі таңда партия құрамында 9 312 мүше бар. Осылайша ұйым заңда белгіленген 5000 мүшелік талаптан асып отыр. Сонымен қатар әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 200 мүшеден тіркеу жөніндегі талап та толық орындалған.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылтай съезі тек ресми жиын ғана емес, елдегі саяси қатысу мәдениетін дамытуға және өкілді демократияны нығайтуға ықпал ететін маңызды алаң болмақ.