Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Съезге еліміздің барлық өңірінен келген 1000-нан астам делегат, облыстық филиалдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және өзге де шақырылған қонақтар қатысып жатыр.
Пленарлық отырыс басталар алдында партияның Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда күн тәртібіне енгізілген мәселелер мен партия қызметінің алдағы басым бағыттары талқыланды.
Кезектен тыс III съезде делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітеді. Сонымен қатар партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындау және қорытынды қаулы қабылдау мәселелері қаралады.
Партия өкілдерінің мәліметінше, 10 шілдеге дейін «Әділет» партиясы ұйымдық құрылымын толық қалыптастырып, өңірлік желісін құрған. Өңірлік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, ал бақылау-тексеру комиссияларына 100 адам енгізілген.
Олардың қатарында шағын және орта бизнес, білім беру және ғылым, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқықтану, IT және креативті индустрия салаларының өкілдері бар.
Айта кетейік, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің бастамасымен құрылған. Партияның құрылтай съезі биыл 7 мамырда Астанада өткен болатын. Ал 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі партияны заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткізді.
Қазір съезд жұмысы жалғасып жатыр. Жиын барысында партияның алдағы саяси бағытын айқындайтын негізгі құжаттар қабылданып, Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттардың партиялық тізімі ресми түрде жарияланады.