Елордадағы қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғылыми жиын ақынның туғанына 180 жыл және абайтану ғылымының негізі қаланғанына 120 жыл толуына орай "Абайтанудың заманауи парадигмасы: пәнаралық байланыстар және жаңашылдық" тақырыбымен ұйымдастырылды.

Ақынның атын алған №87 мектеп-гимназиясында абайтанушы ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосқан конференцияны ұйымдастыруға мектеп ұжымы мен Астана қаласы Білім басқармасы мұрындық болған.

Абай тек қана ақын емес, ол – жүректің емін табатын ой мен тілдің дәруі. Толық тәуекелмен Абайды келер ұрпақ бойына қалай сіңіреді, біздің ұлтымыздың деңгейі сондай болады деп айту керек. Ал ол үшін мынау өзгерген заманда оқу тәсілдері де өзгеріп отырады. Жаңа Астанадағы Абай мектебіндегі сол жаңа оқыту тәсілі – балаларға бойына қалай сіңіру керектігінің үлгілі көрінісі. Мен қазақ тілінің мәселесіне қатысты түңіліңкіреп жүруші едім. Бірақ кішкентай бүлдіршіндердің дастандарды жатқа айтқанын, Абайдың әндерін бала дауысымен айтып тұрған кезде жүрегімді шым еткізді. Демек, Абайды түсінетін ұрпақ бар. Тек дәнді себе білуіміз керек. Әр ұстаз өзінің еңбегінің жемісін көру керек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді. Ұстазға байланысты екен. Біз Абай мен Ахмет ұлт ұстазы болса, қазіргі қазақтың ұстаздары – бүгінгі мұғалімдер. Сол ұстаздар – біздің болашақ ұрпақтарымыздың бағбаны, - деп ағынан жарылды абайтанушы Тұрсын Жұртбай.
Сондай-ақ отырыста Түркиядан арнайы келген жас ғалым, Хаджеттепе университетінің PhD докторанты, "Абай өлімінің сынағы" кітабының авторы Фатих Йылмаз сөз алды.
Мен Абай дүниесімен пандемия (COVID-19 пандемиясы – ред.) кезінде таныстым. Абайды терең зерттеп, оның әлеміне бойлаған кезде қызық бір жайтқа тап болдым. Кітабымды жазып жатқан кезім. Пандемия уақыты болғандықтан философиялық, өлім туралы кітаптарды оқи бастадым. Сол уақытта Түркияда ғана емес, әлемде өлім-жітім көбейіп, жақындарымызды көп жоғалтқан кез еді. Абай әкесінен, анасынан, бауырларынан, балаларынан айырылады. Cонда да өзін жоғалтпады. Осы орайда мынаны түсінгеніміз жөн. Адамның өз жоспары, мақсаты болуы мүмкін. Алайда нені жоғалтқанымызға қарамастан өмір жалғасады. Біз бұл өмірде артымызға не қалдырамыз, жасаған ісіміз қаншалықты игі деген оймен өмір сүруіміз керектігін ұқтым, - деді Фатих Йылмаз.
.jpeg)
Сондай-ақ ғалымдар Абай мұрасын зерттеудің тың ғылыми бағыттарын айқындау мәселесін талқыға салды. Отырыста Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Абай академиясы" ғылыми зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір, PhD докторы Мәрлен Әділов, журналист, "Толық адам және 4 даму" кітабының авторы Ернат Рахметолла, физика пәнінің мұғалімі Кеңес Дауыл баяндама жасады.
.jpeg)
Ұйымдастырушылар мұндай жиындар жас ұрпақ бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, ұлттық сананы жаңа сапалық деңгейде қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз деп атады.