Астанада жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Биыл елордада жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырымды құрайтын 50-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Оның айтуынша, қолданыстағы жолдарды жөндеумен қатар, қаланың әртүрлі аудандары арасындағы көлік байланысын жақсартуға бағытталған жаңа көшелер мен жолайрықтардың құрылысы да қатар жүргізілуде.
Қазіргі таңда Абайдың 150 жылдығы көшесінің Сейфуллин көшесінен Тілендиев даңғылына дейінгі бөлігінде инженерлік желілер толық тартылған. Енді жол жабынының негізгі қабаттарын төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Жыл соңына дейін сыртқы жарықтандыру, тротуарлар, бағдаршамдар, жол белгілері мен таңбаларын орнату және абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Ал Бейсекова көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысындағы екі деңгейлі жолайрықта инженерлік желілердің 90 пайызы дайын. Мұнда су құбыры, тұрмыстық және нөсер кәрізі, байланыс және жылу желілері тартылып, жаяу жүргіншілерге арналған төрт тоннельдің үшеуі орнатылған. Сонымен қатар көпірдің тіректері салынып, металл аралық құрылымдарын монтаждау толық аяқталған. Жыл соңына дейін негізгі жол бөлігі мен съездерге асфальтбетон төсеу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Нұрмағамбетов көшесінің Қалдаяқов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейінгі бөлігін салу жобасы басталды. Қазіргі уақытта нөсер кәрізі мен электр желілерін қайта орнату жұмыстары аяқталған.
Қала әкімінің айтуынша, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізілуде. Мердігер ұйымдарға құрылыс сапасын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтау тапсырылған.