Астана қаласында биылғы жеті айда жүргізілген бақылау сатып алулары барысында техникалық регламенттер мен Еуразиялық экономикалық одақтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес келмейтін 91 өнім анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бақылау сатып алуы халық денсаулығын қорғау мақсатында бақылау субъектілерін алдын ала хабардар етпей жүргізіледі. Биыл осы тәртіппен зертханаға барлығы 1526 өнім үлгісі жіберілген. Оның 261-і – отандық өнім, 586-сы – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден, 679-ы – басқа елдерден әкелінген. Зерттелген өнімдердің 1158-і азық-түлік, 368-і азық-түлікке жатпайтын тауарлар болды.
Зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша 91 өнімнің техникалық регламенттер мен Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл – зерттелген өнімдердің 6 пайызы. Анықталған сәйкессіздіктердің 78 пайызы импорттық өнімдерге тиесілі. Бұл импортталатын тауарларға қойылатын бақылауды одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Бұзушылықтардың ең көп бөлігі таңбалау талаптарына қатысты тіркелген. Барлығы 63 өнімде өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, өндіруші немесе импорттаушы туралы мәліметтер, мемлекеттік тілдегі ақпарат, ЕАС белгісі, генетикалық түрлендірілген организмдер туралы мәліметтер және өзге де міндетті ақпарат көрсетілмеген.
Сонымен қатар 8 сынама микробиологиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай болмай шыққан. Мұндай жағдайлар сүт өнімдерінде, биологиялық белсенді қоспаларда, көкөніс пен жеміс-жидекте тіркелген. Тағы 9 өнімде физика-химиялық көрсеткіштердің сәйкессіздігі анықталса, үш өнімде нитрат мөлшері шектен асып кеткен. Жоғары нитрат қарбыздан, Өзбекстанда өндірілген «Торпеда» қауынынан және шығу тегі белгісіз баялдыдан табылған.
Сондай-ақ екі шай өнімінен қолдануға тыйым салынған тағамдық бояғыштар анықталған. Бес жағдайда тұтынушыларды жаңылыстыру фактілері тіркелсе, төрт шұжық және аспаздық өнімнің құрамынан шошқа ДНҚ-сы табылған.
Азық-түлікке жатпайтын өнімдер арасында да заң бұзушылықтар анықталды. Әйелдерге арналған пижамада электростатикалық өріс кернеулігінің рұқсат етілген деңгейден жоғары екені белгілі болды. Бұдан бөлек, ойыншықтар мен балаларға арналған өнімдердің таңбалануында міндетті ақпараттар толық көрсетілмеген. Ойыншықтардың бірінен метил спирті мен диоктилфталаттың рұқсат етілген мөлшерден жоғары екені анықталған.
Мұндай өнімдердің сауда айналымында қалуына жол бермеу үшін жедел ден қою шаралары қабылданды. Сауда субъектілеріне 30 қаулы табысталып, олардың негізінде жалпы салмағы 353,40 келі өнім саудадан кері қайтарылды. Сонымен қатар анықталған бұзушылықтар бойынша 30 тергеп-тексеру жүргізіліп, қабылданған шаралардың орындалуын бақылау мақсатында 25 жоспардан тыс тексеру өткізілді, – деді департамент басшысының орынбасары.
Бұған дейін забарлағанымыздай, жыл басынан бері Қазақстанда мыңдаған өнім тексерілді. Соның ішінде 1,8 мыңға жуығы талапқа сай болмай шыққан.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан шоколадының дәмі өзгерді ме? Министрлік тексеріс жүргізді