Астанада дәрігерлердің орташа жалақысы қанша

22 Қаңтар 2019, 16:10
3887
Бөлісу:
Астанада дәрігерлердің орташа жалақысы қанша

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы дәрігерлердің орташа жалақысы 150-160 теңге. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров айтты.

«Астанадағы дәрігерлердің орташа жалақысы олардың профилі мен қандай қызмет көрсететініне байланысты. Сондықтан емханалардағы орташа жалақы 150-160 мың теңге. Стационарлық деңгейде жалақының мөлшері жоғары болады. Ондағы жалақы 180-200 мың теңге», - деді басшы ұлттық бюрода өткен брифингте.

Осы орайда Қамалжан Надыров аталған деректер салыстырмалы түрде екенін атап өтіп, дәрігерлер жалақыны атқарған жұмысына байланысты алатынын жеткізді.

«Ауруханаларда жалақыны дифференциалды есептеу жүйесі енгізілген. Яғни жалақы маманның қандай қызметтер көрсететініне байланысты. Ол жоғары біліктілікті қажет ететін операция болуы мүмкін. Әрине, онда жалақының мөлшері жоғары болады», - деп түйіндеді сөзін басқарма басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов елордадағы орташа жалақы 230 мың теңге екенін мәлімдеген.

Дәурен Ерболат



Өзгелердің жаңалығы