Астана – танымал бренд

13 Қыркүйек 2022, 19:04
1716
Бөлісу:
Астана – танымал бренд

Әлемдік тәжірибеде белгілі бір тарихи оқиғаның ықпалымен қала атауын өзгерткен жағдайлар көп кездеседі. Үлкенді-кішілі болсын, көне немесе жаңа болсын, тіпті бірнеше рет өзгерткен жағдайлар да аз емес. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері Дарина Даненова білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Кейде қаланың бастапқы атауы өзгергеннен кейін қайта бұрынғы атауы қойылған жағдайлар да болған. Дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейін. Ежелгі гректер Византия деп негізін қалаған, кейін Константинополь деген атпен әйгілі болған қазіргі Ыстамбұл қаласының атауын түріктер қойды. Токио қаласы (аудармасы – «Шығыс астана») көптеген ғасырлар бойы Эдо (аудармасы – «Харбор қақпасы») деп аталған. 1868 жылы астана болған кезде өз атауын өзгертті. Санкт-Петербург қаласының атауы ХХ-шы ғасырда түрлі идеологиялық себептерге байланысты үш рет өзгертілді. Алдымен Петербург Петроградқа айналса, Кеңес өкіметі тұсында Ленинград, кейін ғасыр соңында өз тарихи атауына қайта ие болды, - деді ол.

Қала атауын өзгертуді қоғамның рухани жаңғыруымен қатар жүретін ғұрыптық әрекет ретінде қарастыруға болады. 

Қазіргі уақытта Қазақстанның астанасын бұрынғы атауы Астанаға қайтару туралы мәселенің туындауы да кездейсоқ емес шығар?!

Бұған дәлел ретінде көптеген әлеуметтанулық сауалнамалардың нәтижесін келтіруге болады. Қазіргі таңда түрлі интернет-ресурстарда «Астана атауының қайтарылуын қолдайсыз ба?» деген сұрақ жарияланып, сауалнамаға қатысқандардың 70-85%-ы «иә» деп жауап берген. Мұндай сауалнаманы репрезентативті деп санауға болмайды, дегенмен жауаптардағы үрдіс айқын.

Біреудің еңбегі мен қадір-қасиетіне қарай қойылған атау-арнау (...есімімен аталған) дүниетанымдық бағыттардың өзгеру дәуірінде тікелей қарама-қарсы мағынаға айналуы мүмкін. Сондықтан 2022 жылы еліміздің өмірінде болып жатқан оқиғаларды, «Жаңа Қазақстан» бағытын, саяси жаңғыру бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар барысын ескере отырып, бұрынғы Астана атауын қайтару орынды. Осы ретте Н.Назарбаевтың кезінде елордаға «Астана» атауын ұсынған кездегі салмақты дәлелдерін еске түсіруге болады: «сөздің нақты бекітілген мағынасы бар, ол «астана» дегенді білдіреді; екіншіден, бұл атаумен ешқандай теріс саяси немесе тарихи мағыналар байланысты емес; үшіншіден, бұл атау мемлекеттік тілде де, басқа тілдерде де қаланың функцияларын үйлесімді түрде дәл көрсетеді және әлемдік тізімде жаңа атаумен енетін астананың тұсаукесерінде қала символына айналуы мүмкін», - деді Дарина Даненова.

Саяси мәселелермен қатар тіл экономикасына деген тенденция мен ауызекі сөйлеуде атауды қолданудың ыңғайлылығын да ұмытпаған жөн.

Елорданың атауы Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгертілгеннен кейін де азаматтар астаналықтар деп аталып, Астана атауы бар барлық құжаттар өз күшінде қалды. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап бүгінге дейін Астана атауымен аталған «Астана Опера», «Астана Балет», «Астана Арена», спорт клубтары, телеарна, әуе компаниясы сияқты елорданың негізгі нысандары бұрынғы атауларын сақтап қалды. Сондықтан астаналықтардың Астанада тұруы, ал бұған дейін танымал болған, әлі ешкімнің ұмыта қоймаған Астана брендінің халықаралық аренаға қайта оралуы заңды болмақ!, - деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы