Парижде өтетін паралимпиадаға елорда спортшыларының дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Паралимпиадаға 94 күн қалды. 2024 жылдың 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында XVII Жазғы Паралимпиада ойындары Париж қаласында өтеді. Спортшылардың дайындығы туралы «Астана қаласының спортты дамыту дирекциясы» КММ басшысы Олжас Акимов бүгін баспасөз брифингінде айтты.
Елорда спорт клубында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 12 паралимпиадалық спорт түрі бар. Париждегі Паралимпиада ойындарына Астана қаласының спортшылары 4 лицензияны жеңіп алған. Атап айтқанда, пара дзюдо бойынша – 3 және пара жүзу бойынша – 1. Сондай-ақ тағы спорттың 8 түрі бойынша 13 спортшы лицензия жеңіп алуға үміткер, - деді ол.
Сондай-ақ паралимпиадалық лицензия үшін 3 спортшы күресіп жатқанын айтты.
Бүгінде паралимпиадалық лицензия үшін 3 спортшы күресуде. Олар үстел теннисінен ҚР спорт шеберлері Алтынай Ержанқызы, Александра Степанова және оқ атудан ҚР спорт шебері Севда Алиева, - деді ол.
Спикерлер XVII жазғы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 қола алуға үмітті.
Қазіргі таңда Астана қаласының спортшылары мен жаттықтырушыларының лицензиялық турнирлерде сәтті өнер көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Барлық үміткер спортшылар жабдықтармен, экипировкамен, тіпті фармакологиямен толық қамтамасыз етілді, - деді Олжас Акимов.