Астана – Павлодар жолын қыста күтіп ұстау үшін 68 қар жинайтын техника жұмылдырылды

14 Қараша 2022, 22:43
930
Бөлісу:
Астана – Павлодар жолын қыста күтіп ұстау үшін 68 қар жинайтын техника жұмылдырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде қыс мезгілінде Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолында қар тазалайтын техниканың санын ұлғайтуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2022 жылдың соңына дейін Павлодар – Астана бағыты бойынша тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруді және облыс орталығындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  қазір Астана – Павлодар автожолының учаскесін талапқа сай күтіп ұстауға қыс мезгілінде Ақмола және Павлодар облыстары үшін тең мөлшерде 68 қар жинайтын техника жұмылдырылды.

Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ҰК ақылы автожолдар дирекциясының филиалы қосымша 11 қар тазалау техникасын сатып алады.

Сондай-ақ Президенттің елордадан әуе рейстерін ашу жөніндегі тапсырмасы орындалды. Осылайша, 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап 10 мың теңге тарифімен аптасына 4 рейс жиілікпен Астана – Павлодар әуе маршруты ашылды. Тиісті конкурстың қорытындысына сәйкес тасымалдаушы ұйым ретінде сыйымдылығы 76-86 жолаушы болатын Q400 бортымен QAZAQ AIR АҚ белгіленді.

Бұл ретте қазір Астана – Павлодар әуе маршрутын субсидиялауға қаражат бөлу мәселесі ҚР Парламентінде қарастырылып жатқанын айта кеткен жөн. Аталған бастаманы депутаттар қолдамаған жағдайда қажетті қаржыландыруды 2023 жылғы бюджетті кезекті нақтылауға шығаруды ескере отырып, субсидиялауды ішкі көздер есебінен іске асыру жоспарланып отыр. 

Айта кетерлігі, ұшу-қону жолағын жаңғыртуға байланысты өңір әкімдігі қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін 2023 жылы бұл жобаны іске асыруды бастауға арналған қажетті қаражатты қарастыру көзделіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы