Астана Операда «Сильфида» балеті қойылмақ

25 Қыркүйек 2023, 16:35
880
Бөлісу:
Астана Операда «Сильфида» балеті қойылмақ
Фото: ОКҚ

«Астана Операда» 29-30 қыркүйекте және 1 және 3 қазанда Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Арман мен шындықтың үйлесімсіздігі жайлы балеттің танымалдығының сыры туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана Опера» балетінің мүшелері айтты.

Герман Левенскольдтың музыкасына «Сильфида» балетінің премьерасы еліміздің бас сахнасында болғалы жатыр. «Сильфида» балетімен бірге балет сахнасына романтизм дәуірі келді. Бірінші премьерасы 1832 жылы Париждегі Гранд-Опера театрында болды. Даниялық балетмейстер А.Бурнонвильдің арқасында осынау аңызға айналған балет біздің заманымызға жетті. Балет толығымен Бурнонвильдің стилінен, Шотландияның мәдениетінен тұрады. Өз жағымыздан осы стиль мен мәдениетті көрсетуге қызу жұмыс жүріп жатыр, - деді «Астана Опера» солисі Серік Нақысбеков.

«Астана Опера» театрының солисі Шұғыла Әдепхан да басты партияны орындаудағы «Сильфида» балетінің ерекшелігін атап өтті.

Бұл балетте тіпті секірудің өзі басқа балеттердегі секірулерге ұқсамайды. Онда қозғалыс поэтикасы, әлдебір салмақсыздық көрініс табуы қажет. Сонда көрермен сенің ғажайыптан туған тіршілік иесі екеніңді түсінеді. Мен үшін балеттің драматургиясын түсіну, өзімді басқа рөлде байқап көру, жан-жақты ашылу өте маңызды болды. Ішкі жан дүниеме қызықты саяхат жасағандаймын, - деді ол.

Айта кетейік, екі ғасыр бұрын Сильфиданың басты партиясын орындаушы Мария Тальониді әлемнің түрлі елдерінің жоғары лауазымды шенеуніктері өз қабылдауларында көргісі келді. Алайда мұндай жетістікке қол жеткізу үшін қоюшы хореограф Филиппо Тальониге көп еңбектенуге тура келді. Балеринаны алғаш рет пуантыға тұрғызған, осылайша оны мифтік жаратылыс – ауа перизаты Сильфидаға жақындатқан қоюшы хореографтың өзі болатын.

Өзгелердің жаңалығы