«Астана Опера» елорда күніне ауқымды мерекелік бағдарлама әзірлеп жатыр

21 Маусым 2021, 09:33
1884
Бөлісу:
«Астана Опера» елорда күніне ауқымды мерекелік бағдарлама әзірлеп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» театры елорда күніне орай мерекелік бағдарлама әзірледі. Қала тұрғындарына арналған жарқын сыйлардың бірі – әлемнің 5 елінен келген атақты әртістердің қатысуымен Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының тегін көрсетілімі болады.

Солистер «Астана Опера» театрының сахнасында ғана емес, сондай-ақ ашық алаңдардағы өнер көрсетулеріне де белсенді дайындалуда. Осылайша, көрермен қауым өз басымдықтарын опера, балет немесе концерт жанрына бере алады.

Астана күнін мерекелеу аясында 4 шілде сағат 18:00-де театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының ашылуына орай салтанатты Гала-опера өтеді. Концертке Марианджела Сицилия, маэстро Джузеппе Акуавива, Франческо Мели, Маттиа Росси (Италия), Либуше Санторисова (Чехия), Алексей Шаповалов (Ресей), Бадрал Чуулунбаатар (Моңғолия), Саян Исин (Қазақстан-Қырғызстан), Бауыржан Әндержанов (Германия-Қазақстан), Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова (Қазақстан) және т.б. әлемдік әрі қазақстандық өнер жұлдыздары қатысады. Әншілер барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Астана күнімен құттықтады.

Осынау айтулы әрі жауапты оқиғаға қатысып, үлесімді қосуға шақырғаны үшін қуаныштымын, сенім білдіргені үшін театр дирекциясына алғыс айтамын. Туған жеріңде отандастарыңның алдында сән-салтанаты жарасқан «Астана Опера» залында ән шырқау – әрдайым тебіретіп, толғандырары сөзсіз. Әріптестеріммен бірге асқақ өнердің нағыз мейрамын жасаймыз деген сенімдемін, - деп атап өтті танымал тенор Саян Исин.

Орындаушылардың жұлдызды құрамы Орталық қалалық саябақтағы Амфитеатр сахнасында да өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 5 шілде сағат 20:00-де Гаэтано Доницеттидің екі бөлімді «Дон Паскуале» операсын ұсынады. Басты партиядарды орындаушылар: Норина – Либуше Санторисова (Чехия), Эрнесто – Эцуо Дои (Жапония), Малатеста – Алексей Шаповалов (Ресей), Дон Паскуале – Антуан Бернхейм (Швейцария), Карлито – Ерұлан Кәмел. Дирижер – Коррадо Вальво (Италия).

Бұл менің осындай дарынды халықаралық әншілер құрамымен алғашқы ынтымақтастығым. Ашық аспан астында өнер көрсету кезінде ең қиыны – әншілер мен оркестр арасындағы теңгерімді табу. Өз басым опералық спектакльдер үшін италиялық стильдегі театрды құп көремін, бірақ жаз мезгілінде бізде Италияда опера сахнасы ретінде қолданылатын ежелгі грек және ежелгі рим театрлары бар. «Дон Паскуале» – Г.Доницеттидің керемет әуезді конструкцияларға, әсерлі драматургиялық құрылымға, кейіпкерлердің психологиялық және патетикалық тереңдігіне ие пісіп-жетілген шығармасы, бұл – стилистикалық тұтастыққа құрылған жаңа романтикалық сезімталдықтың нәтижесі, осының бәрі Доницеттиді Вердидің ұлы ізашары әрі он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысындағы ұлы италиялық опера композиторларының бірі етеді, - деп атап өтті маэстро Коррадо Вальво (Италия).

Астана күнінде, 6 шілдеде Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында мерекелік Гала-концерт өтеді, онда «Астана Опера» театрының жетекші опера солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестрінің орындауында қазақстандық авторлар мен батыс еуропалық классик композиторлардың танымал опералық ариялары мен дуэттері, аспаптық әрі хорға арналған шығармалары шырқалады.

Мерекелік 6 және 7 шілде күндері «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында афишаға екі бірдей қойылым – «Күміс ғасыр балеттері» топтамасынан М.Фокиннің хореографиясындағы Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» мен Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді балеттері енгізілді.


Өзгелердің жаңалығы