Astana Open: Новак Джокович жартылай финалда ойнайды

8 Қазан 2022, 17:26
946
Бөлісу:
Astana Open: Новак Джокович жартылай финалда ойнайды

Серб Новак Джокович ресейлік Карен Хачановты сенімді жеңіп, Astana Open бәсекесінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ kazsports.kz-ке сілтеме жасап.

Новак екі сетте де қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп: 6:4, 6:3. Матч бір жарым сағатқа созылды. Бұл Новак пен Кареннің арасындағы оныншы кездесу болды. Ресейлік тек бір-ақ рет жеңіске жеткен.

Бүгінгі матч жайлы Джокович баспасөз жиыныда былай деді:

Бүгін жақсы матч болды. Десе де бұдан да жақсы ойнай алар едім деп ойлаймын. Кездесу барысын бақылап, барынша тиімді шабуылдадым. Жеңіске жеткенімен қуаныштымын. Карен расында шебер теннисші.

Келесі, Даниилмен болатын матч мен үшін маңызды. Екеуміз де жақсы қорғанамыз. Физикалық дайындық пен шабуылда қалай ойнайтынымыз көп нәрсені шешеді. Ол қарсыласын барынша көп қимылдатуға тырысады. Әрі бэкхенд соққысын жақсы пайдаланады. Сондықтан ұпайға таласты барынша ұзаққа созуға тырысам, – деді ол.

Новак финалға шығу үшін испан Роберто Баутиста-Агуттан айласын асырған ресейлік Даниил Медведевпен кездеседі. Екеуінің жолы осы уақытқа дейін 10 рет түйісіпті. Новак соның алтауында жеңіске жеткен.

Осыған дейін Астандағы турнирде серб теннисшісі Кристиан Гарин (Чили) мен Ботик Ван де Зандсхулптан (Нидерланды) басым түсті.

Өзгелердің жаңалығы