"Астана" қаржы орталығы Өңірлік инвестициялық хабқа айналады - Смайылов 

22 Сәуір 2019, 10:05
2242
Бөлісу:
"Астана" қаржы орталығы Өңірлік инвестициялық хабқа айналады - Смайылов 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Астана" халықаралық қаржы орталығы инвестицияларды тарту және Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша бірыңғай орталық – Өңірлік инвестициялық хабқа айналады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, "Астана" халықаралық қаржы орталығы инвестицияларды тарту және Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша бірыңғай орталық – Өңірлік инвестициялық хаб болады. Сол сияқты ол жерде инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету және инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын қалыптастыру орталықтандырылады.

Kazakh Invest акционерлік қоғамы "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне сенімгерлік басқаруға беріледі. Жобаларды қалыптастыру мен сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі – «Жобалар фабрикасы» құрылады. Заманауи цифрлық технологияларды енгізумен виза және көші-қон режимін одан әрі ырықтандыру бойынша шаралар қабылданады.

Нұр-Сұлтан қаласы мен халықаралық қаржы орталықтары арасында тікелей әуе қатынастарының географиясы кеңейтіледі. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен бірлесіп инвестициялық климатты одан әрі жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірленеді. 

«Жаңа архитектурада жобаларды жылжыту былай жүргізіледі: бірінші кезеңде – Өңірлік инвестициялық хабта барлық әлеуетті инвестициялық жобалар орталықтандырып, жиналады. Екінші кезеңде – "Астана" халықаралық қаржы орталығынан сарапшылар мен консультанттарды тарта отырып, Kazakh Invest базасындағы жобаларды өңдеу және талдау жасалады. Жобалар шетелдік инвесторлар үшін түсінікті форматтарға келтіріледі», - деп айтты Қаржы министрі.

Үшінші кезең – "Астана" халықаралық қаржы орталығының қолда бар мүмкіндіктері мен Сыртқы істер министрлігінің инфрақұрылымын пайдалана отырып, қолданысқа дайын жобаларды жылжыту.
Төртінші кезең – "Астана" халықаралық қаржы орталығының заң инфрақұрылымын пайдалана отырып, инвестициялық хаб базасында келісімшарттар жасасу.

Бұған дейін Қаржы министрі Қазақстанға тартылатын таза инвестициялар көлемі туралы айтқан еді.  

Өзгелердің жаңалығы