Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Астана» кәсіби велокомандасының ресми тұсаукесері өтті. Жаңа маусымда бұл команда «Astana Qazaqstan Team» деген атаумен өнер көрсетеді.
Биыл Astana Qazaqstan Team 17-ші маусымға дайындықты бастап кетті. Командаға жаңа ойыншылар қосылып, құрама 29 велошабандозбен толықты. Олардың арасында велоспорт әлемінде аты шыққан Винченцо Нибали (Италия), Мигель Анхель Лопес (Колумбия) сияқты спортшылар бар.
Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуровтың сөзінше, трансферлік кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, маусым алдында команданы жеңіске жігерлендіретін бірқатар шабандозбен келісімге келген.
Бірнеше мықты көшбасшымен қош айтысқанымызбен деңгейі жоғары шабандоздарды қатарға қостық. Команда жаңартылды, бірақ біз жанкүйер біліп үйренген «Астана» командасы болып қала береміз. Бізді әлем таниды. Винченцо Нибали, Мигель Анхель Лопес пен Андрей Зейц сынды шабандоздардың оралуы командаға қосымша спорттық тұрақтылық пен сенім береді. Джанни Москон, Джо Домбровски, Давид Де Ла Крус, Валерио Конти және басқа да спортшылардың келуі мақсатымызды айқындай түсті, жаңа мүмкіндіктер ашты. Ал Алексей Луценко сияқты көшбасшылар команданың бетке ұстарлары. Шабандоздармен қатар бапкерлер құрамын да күшейттік, отандық маман Александр Шефердің әлі де берері мол, - деді Александр Винокуров.
Оның айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада таныстырылған команда жаңа маусымда толағай табысқа жетіп, Astana Qazaqstan Team намысын абыроймен қорғайтын мықты ұжым болады.
23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында Қазақстан чемпионы Нұрберген Нұрлыхасым мен «Гран Премио делла Либерация» бір күндік жарысының жеңімпазы, италиялық Мишель Гадзоли жаңа маусымда команда құрамына енген жас спортшылар ретінде таныстырылды.
Astana Qazaqstan Team бас спорт директоры, отандық маман Александр Шефер, спорт директорлар Марио Манзони мен Орландо Маини (екеуі де - Италия) бапкерлер тізіміне енді.
Команда көшбасшыларының, сондай-ақ команданың басқа мүшелері қатысатын жарыс күнтізбесі 4-19 желтоқсанда Испанияда өтетін команданың дайындық жаттығу жиынында анықталады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына бірнеше күн қалғанда Astana Qazaqstan Team командасының ресми тұсаукесері елордамызда өткені ерекше мәнге ие. Шынында да әлемдік пелотонда өз орны бар командада жаңа серпін пайда болды. Ұлттық велоспорт федерациясының президенті ретінде команда сапында қазақстандық шабандоздарды көргеніме қуаныштымын. Жас шабандоз Нұрберген Нұрлыхасым мен қазақ спортына еңбегі сіңген Андрей Зейцке қош келдіңіздер дегім келеді. 17-ші маусымда командаға сәттілік тілеймін, - деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Команданың жаңа маусымдағы құрамында кімдер бар:
Алексей Луценко, Артем Захаров, Андрей Зейц, Глеб Брусенский, Евгений Федоров, Вадим Пронский, Юрий Натаров, Евгений Гидич, Дмитрий Груздев, Нурберген Нурлыхасым (барлығы - Қазақстан), Мигель Анхель Лопес, Себастьян Энао, Харольд Техада (барлығы - Колумбия), Винченцо Нибали, Антонио Нибали, Леонардо Бассо, Самуэле Баттистелла, Мануэле Боаро, Валерио Конти, Фабио Феллине, Микеле Гадзоли, Давиде Мартинелли, Джанни Москон, Симоне Веласко (барлығы - Италия), Стефан Де Бод (ОАР), Давид Де Ла Крус, Хавьер Ромо (барлығы - Испания), Джо Домбровский (АҚШ), Александр Рябушенко (Беларусь).