Қосшы қаласының тұрғыны қарызын қайтару үшін енесінің алтын жүзігін ломбардқа өткізіп, ұрлық болды деген желеумен үйін әдейі тас-талқан еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол ұрлық болғаны туралы жалған мәлімдеме жасаған. Полицияға жалған арыз бергеннен кейін іске Қосшы қаласының прокуратурасы араласты. Тергеушінің үйлесімді жұмысы мен мұқият жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде оқиғаның шынайы мән-жайы анықталып, қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Азамат "Н"-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы 2-бөлігі бойынша (Қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған хабарлау) қылмыстық іс қозғалды. Прокуратура жалған арыз бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын, тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін екенін ескертеді.