Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумына биыл 1 500-ге жуық қатысушы жиналды. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан іс-шара жасанды интеллект пен IT саласына қызығатын жастарға өз жобаларын таныстырып, инвесторлармен және сала мамандарымен байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Astana Hub басқарушы директоры Жанерке Егеубаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Digital Bridge форумы жыл сайын қатысушылар санын арттырып, халықаралық деңгейдегі технологиялық алаңға айналып келеді. Әсіресе, оқушылар мен студенттердің форумға деген қызығушылығы артып, олардың арасында IT және жасанды интеллект саласында жеке жобаларын қолға алатындар көбейген.
Жыл сайын студенттер мен мектеп оқушыларының саны артып келеді. Олардың түрлі жобаларды бастап, жасанды интеллект саласында өз идеяларын жүзеге асыруға ұмтылуы – біз үшін дамудың маңызды көрсеткіші, – деді Жанерке Егеубаева.
Оның сөзінше, Digital Bridge түрлі сала өкілдерін бір алаңға тоғыстыратын маңызды платформаға айналған. Форум аясында инвесторлар, IT мамандары, оқушылар, студенттер мен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, тәжірибе алмасуға және өзара әріптестік орнатуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар форумға шетелдік қатысушылардың қызығушылығы да артып келеді. Биылғы форумға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Әзербайжан сияқты елдердің өкілдері қатысуда.
Astana Hub басқарушы директоры Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Президенттің берген тапсырмаларының бірі – Alem AI ашу болды. Қазіргі уақытта орталық жұмыс істеп, отандық және шетелдік стартаптарға өз жобаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Жанерке Егеубаеваның айтуынша, форумның негізгі міндеттерінің бірі – жастардың жасанды интеллект пен IT технологияларына қызығушылығын арттырумен қатар, олардың осы саладағы білімін және кәсіби құзыретін жетілдіруге жағдай жасау.
Осылайша, Digital Bridge жас мамандардың басын қосып қана қоймай, олардың технологиялық жобаларын дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстанның цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған алаң ретінде қалыптасып келеді.