Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуропа лигасының екінші турында "Астана" өз алаңында Сербияның "Партизан", клубын қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
"Астана" бапкері Роман Григорчук алғашқы минуттан алаңға Эрич, Рукавина, Томашевич, Ротариу, Сигурьонссон, Бейсебеков, Маевский, Шимунович, Перцух, Шомко, Хижниченконы шығарды.Күтпеген жерден бұл ойынға "Астананың" көшбасшысы Марин Томасов қатыспады. Григорчук матчтан кейін хорват футболшысы өзін жайсыз сезінгенін айтты.
Ал ойынның 16-минутында қорғаушы Жарко Томашевич жарақат алып, команданы одан сайын қиын жағдайға қалдырды. Оның орнына Евгений Постников шықты.
Бұл матчта Сербия командасы сапындағы екі голды да Умар Садик соқты.
Негізі, Садиктің хет-триктің де авторы атануға мүмкіндігі болған. Бірақ үшінші голын офсайд деп, есептеген жоқ.
Матчтың 85-минутында елорда командасының исландиялық жартылай қорғаушысы Сигурьонссон есеп айырмасын бір допқа қысқартқан болатын. Бірақ одан әріге шамалары жеткен жоқ. Қорытынды -
1:2. Қонақтар үш ұпай еншілеп кетті.
Енді «Астана» 24 қазанда сырт алаңда Голландияның "АЗ Алкмар" клубымен кездеседі.
"Астана" (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) - "Партизан" (Белград, Сербия) - 1:2 Голдар: Садик, 29 (0:1).Садик, 73 (0:2). Сигурьонссон, 85 (1:2).