Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Демалыс күндері «Астана Балет» театрында қос премьера өтті. Екі күн бойы – 30 және 31 қазанда қазіргі заман хореографтары Рикардо Амаранте мен Дэвид Джонатанның екі жаңа спектаклі көрсетілді.
Премьераның екі күніне де билеттер алдын-ала сатылып, һас өнерге сусап қалған астаналық көрермен әртістерге қошеметі мен зор ықыласын білдірді.
Кеш шымылдығын Рикардо Амарантенің «Longing» («Құштарлық») бір актілі балеті ашты. Көрермен назарына адамдардың қарым-қатынасы жайлы ой толғайтын балеттің әлемдік премьерасы ұсынылды; бұл әлімсақтан мазалап жатқан сұрақтардың жауабын заманауи хореография тілінің көмегімен іздеу талпынысы: шын мәнінде, махаббаттан не қалаймыз, неліктен адамдар жан емес, тәнге әуес?
Ұзақ үзілістен кейін көрермен қауым Фархад Бөриева, Айжан Мұқатова, Сүндет Сұлтанов, Илья Манаенков және «Астана Балет» театрының өзге де солисттерін өз көзімен көре алды.
Рикардоның стилін біз толық меңгеріп алдық: оның балеттерін қалай билеу керегін дене-бітіміміз ұмытқан жоқ, сол себепті, хореографияның өзі қиынға соқпады. Репетиция жыл басында өтіп, көктемде премьерасы өтуі тиіс еді, бірақ, карантин жарияланғандықтан, премьера күні шегерілді. Сахнаға қайта оралып, көрерменді көру, оның энергетикасын сезіну ерекше қуаныш сыйлайды. Менің ойымша, осы премьералардан кейін әртістердің бәрі бақытқа бөленген шығар, - деген ойымен бөлісті Фархад Бөриев.
Рикардо Амарантенің айтуынша, өзге туындыларындағыдай, осы қойылымның да көркемдік безендірілуінде минимализм басым. Жарықты ойната отырып, балетмейстер мен жарық дизайнері Роберт Даутов сахнадағы әрекетті тамашалап отырған көрерменді түс көргендей әсерде қалдырды.
Мұндайда сахнадағы әрекет айқын көрінбейді, қара түнек жарқ еткен сәулемен бір сәтке ашылады. Осы атмосфераны сахнада жарық, түтін мен экран арқылы беруге тырыстық, - дейді хореограф.
Костюм суретшісінің айтуынша, балеттегі әр бейне көмек көрсетіп, жол сілтейтін секілді.
Ақ түс – сахнадағы әрекеттің түс екенін меңзейді. Мұнда оған періште бейнесіндегі мінсіз тұлға елестейді; қара түс шынайы өмірді білдіреді, ал, үшінші бөлімде, әртістер адам тәні түстес киім киіп шығып, жалаңаш тұрғандай әсер қалдырғанда, бұл - материалдық әлемнен ада адам жанының аллегориясы. Бұл бөлімде адамдар жандармен кездеседі, - дейді Паула Роза Сантана.
«Longing», шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Астана Балет» театрына арнап қойған оныншы балеті. Осы туындысымен балетмейстер елордалық театрдағы жұмысын тәмамдайды.
Екінші бөлімде көрермен назарына «Instinct» («Инстинкт») бір актілі балеті ұсынылды. Астаналық көрермен «Астана Балет» театрының жетекші солисті Дэвид Джонатанның қоюшы-хореограф ретіндегі еңбегімен алғаш танысты.
Маған осыншалықты сенім артқаны мен үшін зор мәртебе. Бұл театрдың әртістері ғаламат. Олар менің стилімді, қимылдарымды жылдам үйренді. Бұған алғысым шексіз, себебі, дайындалуға уақытымыз өте аз еді, - деп атап өтті хореограф.
Осы абстракциялы балетте хореограф жақын адамыңнан жырақта қалу тақырыбын қозғайды. Қазіргі пандемия мен шекараның жабылған тұсында бұл өте өзекті тақырыпқа айналды. Мұнда музыка мен пластика тұтаса отырып, кездесуге асық жандардың ішкі күйінішін суреттейді.
Балетте мен бірнеше композитордың музыкасын қолдандым. Солардың бірі Жак Лусье – Бах пен джаз әуендерінен микс жасаған. Оның музыкасын алғаш естігенде-ақ, осы сазға балет қоямын деп шештім. Мұнда заманауи әуез басым. Кейде барабан ойнап, кейін, сезімтал джаз әуені әуелейді, - деді хореограф Дэвид Джонатан.
Көрермен қауым орындаушылардың мінсіз техникасын, балеттердің музыкалық шешімін, терең ойластырылған детальдарға, костюмдер және жарықпен безендіруге ерекше назар аударды. «Екі қойылым да ерекше күйге бөлеп, ұмытылмас әсер қалдырды. Мен музыкаға тәнті болдым, жарықты ойнатқандары ғажап. Сахнадағы көрініс ерекше болды. Хореография өте ғаламат, мұнда алай-дүлей сезім, құштарлық пен эмоцияның ширығуын түйсіндік», - деген ойымен бөлісті Айша Төлебергенова есімді көрермен.
Айта кетейік, 6 және 7 қарашада «Астана Балет» театрының сахнасында тағы бір премьера өтеді. Хореограф Анвара Садықова қойған «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балетінде адамдардың табиғатқа қол сұғуы жайлы тақырып көтеріледі.