«Астана Балет» Қарағандыда әлемдік балет жауһарларын көрсетпекші

28 Қаңтар 2019, 15:35
2390
Бөлісу:
«Астана Балет» Қарағандыда әлемдік балет жауһарларын көрсетпекші

Астана, BAQ.KZ. Ақпанның 23 мен 24 күндері «Астана Балет» ұжымы Қазақстан қалаларына жоспарланған гастроль аясында, Қарағандыдағы К.С. Станиславский атындағы Орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Бұл «Астана балеттің» өңірдегі алғашқы қойылымы емес.

«Өткен жолы келгенімізде көрермен қауым бізді қошеметпен қарсы алды. Бұл жолы аңдатпа бағдарламасын емес, әлемдік мұра қатарына жатқызылған спектакльдерді, тың дүниелер мен соңғы қойылымдарымызды ала келдік. Бұл туындылар еуропа жұртшылығын тамсандырған еді», - дейді театр директоры Валерий Күзембаев.

Гастрольдің алғашқы күні сағат 17:00-де балет әлемінде биік бәйтерекке баланып жүрген екі тұлғаның туындылары көрсетілмек: Уильям Форсайттың «IntheMiddle, Some what Elevated» («Ортада, сәл жоғары») және Джордж Баланчиннің «Серенада» атты бір актілі балеттері.

«ХХ ғасыр балетінің алтын қорына» енген «Серенада» премьерасы «Астана Балет» театрының сахнасында, 2017 жылдың 25 мамырында өткен болатын. Бұл Қазақстан мен қазақстандық балет сүйер қауым үшін елеулі оқиға еді. Себебі, бұл Баланчиннің Америкада қойған алғашқы балеті-тін. Бұл туынды неоклассика хореографиясының шыңына баланады. Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған «Серенада» туындысын қазақ сахнасына Баланчин қорының балетмейстері Виктория Саймон алып шықты. Саймон хореографтың жиырма бестен астам туындысын қайта қойып, әлем бойынша сексеннен астам балет труппасымен еңбек еткен.

Қарағандылық көрерменге тарту етілмекші тағы бір туынды Уильям Форсайттың «IntheMiddle, Some what Elevated» спектаклі.

Екінші күні сағат 17:00-де хореография өнерінің биік шыңына баланған туындылар көрсетілмек. Кештің бірінші бөлімінде көрермен назарына италиялық композитор Эцио Боссоның музыкасына қойылған «Love'sLostIdols» («Махаббаттың ғайып болған дарабоздары») атты бір актілі балет қойылады. Премьера 2018 жылдың 2 қарашасында өтті. Қоюшы-хореограф - танымал америкалық балетмейстер Николо Фонте.

Бұл спектакль «Бәрі өткінші екенін біле тұра, қалай ғана ғашық болып, әлденені іш тартамыз», деген сұраққа жауап іспетті. Сан қырлы, көркем, кейде тіпті, экстремальді би тілінің күшімен балет әртістері көрерменіне: «Өмір өткінші. Тап осы сәттен айырылма, себебі, дәл осы сәтте махаббат пен бояуы қанық шынайы өмір бар. Тап осы жерде, дәл осы сәтте өмір сүр!» деп тұрғандай.

Екінші бөлімде «Астана Балет» театры репертуарындағы жарқын қойылымдардың бірін паш етеді. Шақырылған хореограф, бразилиялық Рикардо Амарантенің «Love.Fear.Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей.) және «A Fuego Lento». Ол хореография авторы ғана емес, костюмдерін де өзі шығарды.

Натальи Чепуренконың өңдеуіндегі Эдит Пиаф, Шарль Дюмон, Жак Брель музыкасына қойылған «Love.Fear.Loss» - әр дуэті махаббат сезімін әспеттейтін, аса нәзік, сезімтал балет. Мұнда махаббатынан айырылып қалу қаупі де, үрей де сезіліп тұрады.

Рикардо Амарантенің екінші туындысы Лало Шифрин, Астор Пьяццола, Карлос Гардель мен Саё Косугидің музыкасына қойылған «A FuegoLento» балетінің премьерасы 2016 жылдың 5 қазанында Токиода өтті. Спектакль жалынға ұқсас: бастапқыда баяу ғана жанып, артынан лаулайтын, бойыңды жылытатын от іспетті.

Өзгелердің жаңалығы