Астана аз уақыттың ішінде алып мегаполиске айналды - Владимир Тельнов

24 Наурыз 2019, 13:02
2055
Бөлісу:
Астана аз уақыттың ішінде алып мегаполиске айналды - Владимир Тельнов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. "Nur Otan" партиясы жанындағы стратегиялық бастамалар институтының бас сарапшысы Владимир Тельнов Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып өзгертілуі - әділдіктің белгісі деп біледі. Ондаған жылдар бойы мемлекеттік салада еңбек еткен азамат өз пікірімен агенттік тілшісімен бөлісті.

 Владимир Тельнов Астана қаласының атауын өзгерту туралы шешімді ел тарихына алтын әріптермен жазылатын оқиғаға балайды.

«Тұңғыш Президент 30 жыл бойы елімізді тізгіндеді. Осы уақыт аралығында Отанымыз елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі күнге дейінгі еңбегінің қорытындысын шығарып, президенттік өкілеттілігін тоқтатты. Мәлімдемені естігенде, осындай ой келді. Жалпы, Тұңғыш Президентіміз Елорданың бас сәулетшісі, ұйымдастырушысы ретінде жер-жаһанға танымал. Сондықтан, ел-жұрт үшін жасаған ерен еңбегін мәңгілік құрметтеп өту үшін Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгерту бастамасы көтеріліп, нақты шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде Ұлт көшбасшысына көрсеткен шексіз құрметіміздің дәлелі. Бүгінде Астана Қазақ елінің жарқын болашағының белгісіне айналды», - дейді Владимир Тельнов.

 Сарапшының айтуынша, 20 жылдың ішінде Астана шағын қалашықтан алып мегаполиске айналды. Бұл - бірінші кезекте Тұңғыш Президенттің ерлігі, зор еңбегі.

«Жасым 70-ке жақындап қалды. Бұрынғы Астанаға көшіп келгенде 10 жастағы бала едім. Бүгінгі күнге дейін Тәуелсіз елдің бас шаһарының түрленуінің куәсі болдым. 20 жыл бұрын Астанамыз облыстық орталық мәртебесіне ие болған қаладан миллиондаған халқы бар Елордаға айналып, мегаполис атанды. Мен Астанаға келгенде небәрі 180 мың адам тұратын. Бүгінмен салыстырсақ, ай мен көктей. Астананың қалыптасып, дамуы - әлемдік мәдениеттің белгісі», - дейді Владимир Тельнов.

Өзгелердің жаңалығы