Агенттіктің астанадағы департаментінің ескертуінен кейін елордалық әуежай ақылы тұрақ аймақтарында бағаның өсуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескерту жасады.
Бұған дейін әуежайдың Instagram-дағы ресми аккаунтында ақылы автотұрақ аймақтарында тарифтердің өсуі туралы ақпарат жарияланған болатын.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақ кеңістігінің қымбаттағаны туралы хабарланды.
Астана қаласы бойынша БҚДА департаментінің ескертуі нәтижесінде «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ ақылы тұрақ аймақтарында бағаның өсуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдады.