Астана атауының «Нұр-Сұлтанға» ауысуы стратегиялық маңызды қадам

24 Наурыз 2019, 14:36
4893
Бөлісу:
Астана атауының «Нұр-Сұлтанға» ауысуы стратегиялық маңызды қадам

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясы жанындағы Стратегиялық бастамалар институтының сектор меңгерушісі Қанат Оспанов арқа төріндегі Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты қалаға сай атау екенін айтады.

«Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа астана салу жөніндегі идеяны 1994 жылы айтқан болатын. Ол кезде елдің көпшілігі бұл идеяға сенімсіздік білдірген еді. 1997 жылы идея іске асып астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысқан кезде де көпшілігі «ертең Алматыға қайта ораламыз ба?» деген көңіл-күймен келгені де жасырын емес. Тіпті, бұл идеяға министрлер де сенімсіздік танытқаны рас. Өзім сол кезде Стратегиялық жоспарлау агенттігінде жұмыс істегендіктен, әрі көптеген шенеуніктермен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, мұны сенімді түрде айта аламын. Идея іске асып, Астанамыз гүлденген қалаға айналып шыға келді. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ірі жетістіктерінің бірі осы, яғни Тұңғыш Президенттің идеясы», - деді Қанат Оспанов.

Астана арқаның төріне ауысқанда ондағы тұрғындар санының үш жүз мыңға да жетпегенін айтқан ол 21 жыл ішінде қала халқының саны үш есеге өсіп миллионға жеткенін тілге тиек етті. Саяси-экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық дамудың флагманына айналған ел орталығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен интеллектуал адамдарды өзіне тартты.

«Бұл стратегиялық жағынан өте маңызды қадам болды. Тұрғын санымен қатар қаланың ішкі өнімі де өсті. Ал ғылыми және мәдени әлеуеттің еселеп өскені соншалық оны 1997 жылмен мүлдем салыстыруға келмей қалды. Астана қазақтың ғана емес әлемнің астанасына айнала білді. Атап айтсақ, мұнда көптеген әлемдік саяси және экономикалық шаралар өтті. Ең басты стратегиялық қадам деп астананың көшірілуі арқылы қазақ елі тұтастығының сақталып қалуын айтуға болады. Ел тұрғындары оңтүстік аймақтардан солтүстікке қарай қоныстана бастады. Осының арқасында солтүстік облыстардағы халық саны да өсті», - деп қосты Қанат Оспанов.

Астана атауының Нұр-Сұлтанға ауысуы, бірінші кезекте ел халқының Тұңғыш Президентке деген алғысы екенін айтқан Қанат Оспанов, екіншіден бұл үрдіс арқылы Елбасы салған сара жолдың әрі қарай да жалғасын табатынын алға тартты.

«Біз бұдан Тұңғыш Президентіміздің осыған дейін жүргізген саяси бағытының сақталатынын түсінеміз. Біз үшін бұл өте қажет. Өйткені қазіргі уақытта көптеген сыртқы саяси күштер бізді алған бағытымыздан тайдыруға тырысуда. Бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты өте орынды. Сонымен қатар, Елордамыздың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілуі филологиялық тұрғыдан да орынды. Астана ұғымы жалпылама ұғым. Қай елдің болмасын астанасының белгілі бір атауы бар. Сондықтан бізге астанамызға осындай атаудың берілгені өте орынды болды», - деп ол сөзін тәмамдады.

Өзгелердің жаңалығы