«Алғашқы астанадан сәлем». Қызылордалықтар Нұр-Сұлтан атауын қолдайды

26 Наурыз 2019, 10:31
4434
Бөлісу:
«Алғашқы астанадан сәлем». Қызылордалықтар Нұр-Сұлтан атауын қолдайды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордадағы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіне Қазақстанның елордасына Нұр-Сұлтан атауы берілуін қолдаған жүздеген адам жиналды. Олар «Алғашқы астанадан сәлем» атты концерт-акциясына қатысып, Тұңғыш Президенттің Тәуелсіз Қазақстанды құру, қалыптастыру жолындағы қызметін, Сыр еліне жасаған қамқорлығы жайлы пікірлерін ортаға салды.

Сырбойылықтар Қазақстан астанасының жаңа атауы бүгінгі жастар мен келер ұрпақтың тарихи сана-сезіміне үлкен серпіліс алып келеді деп үміт етеді.

«Алғашқы астанадан сәлем». Қызылордалықтар Нұр-Сұлтан атауын қолдайды

Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, жұртшылық биылғы Ұлыстың ұлы күнін – Наурыз мерекесін еліміздің қоғамдық-саяси өміріне маңызды шешімдер қабылдаумен қарсы алды.

«Ата-баба арманы Тәуелсіздігіміз ақиқатқа айналғалы бері бір-бірінен ажырамас түсініктер біздің санамызға айнымастай болып еніп келеді. Олардың қатарында «егемендік», «Тәуелсіздік», «азаттық», «Тұңғыш Президент», «Елбасы», «Астана» «Қазақстан халқы ассамблеясы», «Дүниежүзі діндер съезі», «Мәңгілік ел», «ЭКСПО», «ұлттық мүдде», «жастар» және тағы басқа түсініктер бар. Бұлардың барлығы да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қазақстан Тәуелсіздігінің баянды болуы, экономиканың тұрақты, халқының қуатты елге айналуы да Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғасымен тікелей байланысты. Оны қазір де сезініп тұрмыз. Уақыт өте келе бұдан да терең түсіне беретін боламыз. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы есімін ұлықтау туралы шешімдері құптарлық», – дейді Наурызбай Сейтқалиұлы.

«Алғашқы астанадан сәлем». Қызылордалықтар Нұр-Сұлтан атауын қолдайды

Оның айтуынша, ұлт саясатында Қазақ автономиясының тұңғыш астанасы ретінде орны бар Қызылорданың Қазақстан астанасын Нұр-Сұлтан өзгеруімен құттықтап, қолдау жасауының мәні жоғары.

«Кезінде елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – қазақтың өз билігі өз қолына тигеннен кейін ұлттық болмыс-бітімін сақтап қалу, мемлекеттің келешегін кемелдендіру мақсатында Елбасының көреген саясатының арқасында қабылданған тарихи шешім болатын. Сондықтан, жаңа астананың бой көтеруі – Тұңғыш Президенттің ерлігі. Мұның барлығын қазақ жұрты қаншалықты еңбекпен, қаншалықты қиындықпен келгенін біледі деп түсінеміз. Жаңадан аяққа тұру, жаңа қаланың тұрғызудың қандай қиын екендігін ел сезеді. Кезінде осындай қиын сәтте қазақ халқына жаңа астананың керегі қанша деп айтқандар, бүгінде жаңа астананың келбетін көріп, қате ұғымда болғанын түсінген шығар деп ойлаймыз. Назарбаев елорданың алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, осы жолда қанша қиындық кездессе де еңсеруі мәңгілік ел бола алатындығымызды дәлелдеп, барша жұртты иландыра білген ұлылығы еді. Қазір санамызда Астана атауы мен Нұрсұлтан есімі егіз ұғым болып қалыптасты. Сондықтан да бас қаламыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту бір жағынан Елбасының еңбегіне лайықты құрмет жасау болса, екінші жағынан еліміздің саяси бағытының сабақтастығының кепілі. Астананы өзгертуге байланысты әртүрлі пікірдің болуы да заңды. Әрбір қазақстандықтың көзқарасы біз үшін маңызды. Дегенмен, «Дауы таусылмаған елдің жауы таусылмайды», «Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады», «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, ұлы далаға сай қасиетімізбен ортақ шешім қабылдағанымыз дұрыс болар», – деп сөзін аяқтады Наурызбай Байқадамов.

«Алғашқы астанадан сәлем». Қызылордалықтар Нұр-Сұлтан атауын қолдайды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Қазыбай Құдайбергенұлының пікірінше, кейінгі тарих қанша елеп-екшесе де, Елбасының ерен еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

«Уақыт зымырап өтеді, ол қайтып келмейтін құбылыс. Сондықтан, кез келген тұлғаның бағасын тарих береді. Кейінгі тарих қанша екшеп-елесе де Елбасының көптеген ісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Қысқаша ғана айтайын. 1991 жылы Алматы қаласында Президент ант қабылдады, мен Қызылорда облыстық делегацияның құрамымен сонда болдым. Сол жылдар ең ауыр кезең еді. Өндіріс тұралап қалды, ғылыммен байланыс үзілді. Ол халықты сананы сансыратар ауыртпалықтан аман алып шықты. Міне, содан бері 30 жылдай уақыт өтті. Қазір тұрмыстық жағдай әлдеқайда жақсарды. Екінші ерлігі, Алматыдан Ақмолаға астананы көшіру. Қиындыққа қарамастан стратегиялық маңызы зор мәселені шешті. Әлемдегі ең сұлу астананы салды. Үшіншісі, Семей полигонын жапты. Ядролық қарудан бас тартты. Елбасы қазақ елінің бейбітсүйгіш екенін әлемге танытты. Айта берсек, Елбасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын істері көп. Әсіресе, жастарға мол мүмкіндіктер беріп, сенім артуы да өз алдына үлкен әңгіме. Сондықтан, елордаға Тұңғыш Президенттің атын беру – оның еңбегін ұрпаққа жеткізудің бір жолы деп түсінемін», - деді Қазыбай Құдайбергенұлы.

Бұдан бөлек, Қазақстан халқы ассамблеясы «Орыс қауымдастығының» Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасы Владимир Толоконников тағдырдың жазуымен ұлы далаға жер аударылған өзге ұлттарды бауырына басқан қазақ жұрты мен Тәуелсіздік кезеңде барша халықтың ауызбірлігін сақтауға өлшеусіз еңбек еткен Елбасына алғысын білдірді.

«Тұңғыш Президенттің бастамасымен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, жемісті жұмыс істеуде. Ортақ Отанымыздың гүлденуіне қызмет етіп келеміз. Мұндай ұйымның әлемде баламасы жоқ. Елбасы есімі мен Нұр-Сұлтан қаласы бірлік пен татулықтың белгісіндей атала береді. Сондай-ақ, әлемде тұлғалардың атымен аталатын атақты қалалар бар: Вашингтон, Веллингтон, Санкт-Петербург. Бұл – тарих тәжірибесі. Сондықтан, жаңа атау көңілге қонымды болатынына күмән жоқ», - деді В.Толоконников.

Сонымен қатар, ақын, қоғам қайраткері, облыс мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Елбасының аты бірінші айтылады.

«Бүгінгі жиналып отырған мақсатымыз – ұлы даланың дәстүрі мен ұлы есімдерін ұлықтау. Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы Жарлық шыққанда менің есіме Бірінші Петр түсті. Неге ол қиын кезеңде батпақты жерден, Нева жағасынан қала салды? Себебі, Мәскеу қаласының тарихының өзі орыстарға күмән келтіретін еді. Мамайдың жарқылдаған қылышы, моңғол-түркілердің қалың қолы, Мәскеудің «ағаш Кремлін» өртеген Тоқтамыстың тұлғасы Петрдің көз алдынан кеткен жоқ. Бұлар көз алдында тұрғанда Ресей бұл кеңістікте өз тәуелсіздігін сезіне алмайтын еді. Сондықтан Неваның жағалауынан жаңа қала салды, жаңа Ресейді қалыптастырды. Сол сияқты Сарыарқадағы атауы бесінші рет өзгеріп жатқан қаланың тарихында да күмән келтіретін тұстар, тарихтағы алғау сәттер көп болды. Астанамызды сонда апармайтын болсақ, тәуелсіздігіміздің тұтастығына көзіміз де, көңіліміз де сенбейтін еді. Мұны неге айтып отырмын? Осындай елорданың атын қала салып, әлемнің деңгейге көтерген, оның авторы болған Нұрсұлтан Әбішұлына қазақ қимағанда кім қияды? Іргесінде Павлодар, теріскейінде Петр мен Павел атындағы қалалар тұрған кезде Арқаның дәл төсінде ғасырлардың саусағындағы жарқылдаған жүзіктей болып, Астана қаласы Нұр-Сұлтан аталғанына бүкіл қазақ қуанатын шығар. Ол біздің міндетіміз де, парызымыз да. Біз қазақ ұлылықты көзі тірісінде-ақ құрметтеп, төбеге көтерген халықпыз», - деді ақын.

Сондай-ақ, «Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Жандос Базартай да елорданың жаңа аты туралы пікірін айтты.

«Әлемнің кейбір елдерінде ұйқысынан тұрып, бүгінгі күні отбасымды қалай асыраймын, алай-дүлей соғыстан аман қаламын ба деп мазасыз ой кешетін адамдар бар. Мемлекеті жоқ ұлттар қаншама. Ал Елбасы Тәуелсіздік еліміздің іргесін берік қалады. Енді оны баянды ету – біздің, жастардың қолында. Жастардың білім алуына кең жол ашты. Қазір Елбасы тәрбиелеген жастар елімізде әр салада қызмет етуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық істері көп. Оған елорданың атын беру – әбден лайық», - деп атап өтті Ж.Базартай.

Мәдениет үйіндегі бұл жиында үлкен экран арқылы Елбасының Сыр еліне жасаған қамқорлығы туралы сыр шерткен бейнеролик көрсетілді. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорда облысына қатысты ұсыныс айтылғаны баяндалады. Ұсыныста облысты таратып, бір жағын Оңтүстік Қазақстанға, екінші бөлігін Ақтөбе облысына қосу, экологиялық аймақ тұрғындарын өзге өңірлерге көшіру туралы сөз болады. Экономиканың өте қиын кезеңі, аймақтарды біріктіріп жатқан тұсы еді. Сонда Елбасы Алашқа ана, жоққа пана болған құтты өңірді бөлмей, тұтас сақтап қалуға шешім шығарды.

Сонымен қатар, Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу, яғни «ғасыр жобасының» жүзеге асырылуына бірден-бір себепкер – Тұңғыш Президент. Ол Арал өңіріндегі тұралаған тіршілікті қайта түлетті. Бұдан басқа, Сыр өңірін газдандыру жұмыстары да тікелей Елбасының араласуымен шешілді. Президент пәрменімен іске асқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы да қызылордалықтардың игілігіне айналып, тіршілігіне жан бітірді. Бейнероликте өзге де елеулі еңбектері баяндалды.

Сонымен қатар, бүгінгі концерт-акцияда жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жиналғандардың көңілін сергітті. Ал белгілі айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтты.

Өзгелердің жаңалығы