Астана, BAQ.KZ. Осы сенбіден бастап Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай, Астана-Теміртау жолдары ақылы болады, деп жазады «Хабар24».
Еліміздегі ақы төлеп өтетін жолдардың сапасын айтпағанда, бағасы да әлем бойынша ең тиімдісі дейді мамандар. Астанадан Теміртауға дейінгі 134 шақырымға созылған жолмен тәулігіне 7000 көлік жүріп өтеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш екі есеге дейін артады. Ақылы бекеттен өткен әрбір авто арнайы бағдарлама арқылы жүйеге енгізіледі.
Ертеңнен бастап Астана-Теміртаудан бөлек Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай жолдары да ақылы болмақ. Бекет арқылы күнде қатынайтын жүргізушілер бір рет мың теңге төлеп, жыл бойы тегін жүруге құқылы. Ал өтемді алдын ала жасаған жеңіл көлік жүргізушілеріне 50 пайыздық жеңілдік жасалмақ. Төлем еліміздегі терминалдардың бірінен немесе интернет-банкинг арқылы жүргізіледі.