Астана-1 вокзалы заманауи талаптарға сай жаңғыртылуда

Қазіргі таңда құрылыс алаңында 255 маман мен 12 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

7 Тамыз 2026, 08:51
АВТОР
 Көлік министрлігі 7 Тамыз 2026, 08:51
7 Тамыз 2026, 08:51
146
Фото: Көлік министрлігі

Астана-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Қазіргі уақытта вокзал ғимаратының шатыры мен қасбеті жаңартылып, перрон мен конкорстық өткел қайта жөнделуде. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, су, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау, желдету және байланыс жүйелері жаңартылып жатыр.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзалдың жалпы аумағы 500 шаршы метрге ұлғайып, 8,7 мың шаршы метрге жетеді. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, жыл сайын артып келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 255 маман мен 12 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

1990 жылы салынған Астана-1 вокзалында осы уақытқа дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қайта жаңғырту нәтижесінде нысан қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сай болады.

Жоба аясында жаңа эскалаторлар, лифтілер, көтергіш платформалар, пандустар, ана мен бала бөлмелері, заманауи санитарлық тораптар және жайлы күту залдары жабдықталады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тактильді навигация мен арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылады.

Бұдан бөлек, вокзалға заманауи бейнебақылау, өрт дабылы, қолжетімділікті бақылау және жолаушыларды ақпараттандыру жүйелері енгізіліп, LED-экрандар, дауыс зорайтқыш жүйелері, жиһаздар мен технологиялық жабдықтар толық жаңартылады.

2026 жылдың алғашқы жеті айында Астана-1 вокзалы арқылы 1,8 миллионнан астам жолаушы қатынаған. Оның ішінде 908 мыңнан астам адам елордадан жолға шықса, 977 мыңнан астам жолаушы Астанаға келген.

Наверх