Асқар Умаров имамдармен кездесті

1 Ақпан 2022, 11:58
1757
Бөлісу:
Асқар Умаров имамдармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының шақыруымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтық имамдарымен кездесті.

Министрлік пен ҚМДБ-ның өзара іс-қимыл жасасу мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу болды. Діни қызметкерлер министрге өзекті сауалдарын қойды және қоғамда радикалды діни идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды. 

Өз сөзінде Асқар Умаров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарының жастарды рухани құндылықтар мен адамгершілікке тәрбиелеуде, сондай-ақ ел мұсылмандарын деструктивті сипаттағы түрлі көзқарастардың әсерінен қорғаудағы үлкен рөлін атап өтті.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде Бас муфтиден бастап, ҚМДБ-ның өңірдегі бас имамдары халықты сабыр мен тыныштыққа шақыру бойынша табанды еңбек еткендеріңіз үшін, сіздерге өзімнің шынайы алғысымды білдіремін. Бұл — ел алдында баршамызға жүктелген жауапкершілігі жоғары іс-әрекет деп танимын», — деді министр. 

Өз кезегінде, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл «Ислам – бейбітшілік пен ынтымақтастық діні» тақырыбы бойынша ақпараттық-ағартушылық жұмыстың жеті бағыты бойынша іс-қимыл бағдарламасын қабылдағанын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаһандық трендтерге сәйкес ағартушылық қызметтегі өзара іс-қимылды арттыруға және ақпаратты таратудың тиімді әдістерін пайдалануға дайын екендіктерін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы