Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин барлық өңірде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асырудың қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл туралы ол бүгінгі Үкімет отырысында айтты.
Биыл АӨК-тің жалпы сомасы 239 млрд теңгеге 266 инвестициялық жобасы, оның ішінде 36 сүт-тауар фермасы, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 27 жоба, 6 ет комбинаты, 13 құс фабрикасы пайдалануға берілді. Аталған жобаларды іске асыру есебінен импортқа тәуелділік бір жылда 15%-ға қысқарды.
Өндірісті кластерлік дамытуды, шағын өндірушілер мен өңдеушілерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруді ынталандыру арқылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту керек. Бұл жобаларды іске асыру ең алдымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті алып тастау қажет, — деді А. Мамин.
Ішкі нарықты отандық өндірістің сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 51,4%-дан 70%-ға дейін, шұжық өнімдерімен қамту 60,5%-дан 70%-ға дейін, құс етімен қамту 58%-дан 75%-ға дейін, алмамен толықтыру 73%-дан 80%-ға дейін ұлғайды. Қант өндірісі 31,1%-дан 60%-ға дейін өсті, ал балық өсіру көлемі жылына 4 мың тоннаға немесе 30%-ға артты.