Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Әлемнің қырық елінің жүзге тарта дизайнерлері мен Еуропа және Азия сән апталығының басшылары «Aspara fashion week Merke» сән апталығының 6-шы маусымының ашылуына орай онлайн форматта бас қосты.
Мұндай халықаралық шараның Меркі жерінде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Тарихтағы жазбаларға қарағанда, тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қалашық ІІІ ғасырда сауда орталығына айналған. Қытайдан шыққан керуендер Меркі мен Тараз, Сайрам мен Ясы және Отырар қалалары арқылы Орталық Азия мен Парсы, сондай-ақ Кавказ бен Еуропа елдеріне жылжып отырған. VI-VIII ғасырларда Меркі керуен сарайдан ірі сауда орталығына айналған.
Қазір «Aspara fashion week Merke» халықаралық жобасы бүгінде ежелгі Меркі мен алыс-жақын шет мемлекеттердің мәдениетін бір арнада тоғыстыратын бірегей жобаға айналды. Бұл – еліміздің сән индустриясын әлемдік аренаға шығарудың бірден-бір жолы. Сонымен қатар, осы апталық сән индустриясындағы бәсекеге қабілеттілік пен Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің дамуына айрықша ықпал етері сөзсіз, - дейді сала мамандары.
Айта кетерлігі, «Aspara fashion week Merke» халықаралық сән апталығын өткізу туралы бастаманы 2017 жылы елімізге белгілі дизайнер Айдархан Қалиев көтерген. Сондай-ақ ол – әлемге белгілі сән апталықтарында жұмыс істейтін ең алғашқы азиялық дизайнер, Тараз қаласында орналасқан «Асыл-Дизайн» сән үйінің директоры. Сән апталығының ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев онлайын форматта қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әлемде орын алған жағдайға байланысты бұл жолы сіздермен онлайн жүздесіп отырмыз. Біздің жеріміздің тарихы өте бай. Мұнда тарихи-мәдени құндылықтар да жетерлік. Айдархан Қалиев өз Отанының патриоты ретінде туған жерін өзінің шығармашылығымен дәріптеп келеді. Ол – Миландағы, Париждегі, Амстердамдағы, Берлиндегі, Стокгольмдегі, Львовтағы және басқа қалалардағы танымал сән апталарының ресми бағдарламаларында жұмыс істеген алғашқы азиялық сәнгер, - деген аймақ басшысы оның жобасының арқасында азиялық дарынды дизайнерлер әлемдік подиумдарға көтерілуге мүмкіндік алғанын да жеткізді.
Бердібек Машбекұлы келелі жиынға қатысушыларды алдағы уақытта Жамбыл жеріне шақырып, өңірдің әсем табиғатымен, тыныс-тіршілігімен таныстыруға уәде берді.
Сән – бұл біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Киім біздің жан дүниемізді, көзқарасымызды, мінезімізді көрсетеді. Бұл халықаралық сән апталығының авторы және президенті Айдархан Қалиев әлемнің бірнеше қалаларындағы белгілі сән апталарының ресми бағдарламаларында жұмыс істеген алғашқы азиялық дизайнер екенін мақтанышпен айта аламыз. Осының арқасында әлемнің сән индустриясы қазақтың ұлттық киімінің қандай екенін, жаңа фольклорының не екенін білетін болады. Сән апталығының басты мақсаты – қазақтың мәдениеті мен ұлттық киімдерін көрсету, - деді облыс әкімі.
Ол аталған жобаның жергілікті қатысушыларға авторлық өнімдерін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдік көрме залдарында да сатуға жол ашатынын атап өтті.
Сала мамандарының айтуына қарағанда, «Aspara Fashion Week» жобасы – азиялық дизайнерлерді әлемдік сән сахналарына шығаратын баспалдаққа айналды.
Сән апталығы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия коллекцияларының шоу-көрсетілімімен ашылды.
Жоба қатысушыларына өз өнімдерін азиялық және еуропалық сауда орталықтарында сатуға мүмкіндік берілмек. Қытайлық франшизаны алуға, сатып алушылармен тікелей жұмыс істеуге және жас таланттарға жол ашпақ. Сән апталығы сенбіге дейін жалғасады.