Дрон – инновациялық мүмкіндіктерді кеңейтетін құрал. Бірақ ол тиісті бақылаусыз қалса, қатерге айналуы да ғажап емес. Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарының саны артып келеді, ал оларды тіркеу, бақылау және заңдастыру мәселесі әлі де толық жүйеленген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Жақында бекітілген 2025–2031 жылдарға арналған дрондарды дамыту тұжырымдамасы саланың негізгі бағытын айқындады. Алайда дрондардың адам өміріне төндіруі мүмкін қауіп-қатері туралы сұрақтар әлі де шешімін тапқан жоқ. Бұл лонгридте біз дрондардың даму перспективаларына, заңсыз қолданылу қаупіне және тіркеу жүйесінің тиімділігіне тоқталамыз.
Қазақстанның ұлттық тұжырымдамасы
Цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелердің рөлі артқан қазіргі заманда дрондар тек ойыншық немесе видео түсіру құралы ғана емес, экономиканың жаңа драйверіне айналып отыр. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің 2025–2031 жылдарға арналған азаматтық ұшқышсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын қабылдауы – елдегі технологиялық трансформацияның маңызды кезеңіне айналуы мүмкін.
Бұл құжат елімізде дрон саласын жүйелі дамытуға бағытталған алғашқы стратегиялық бағдарлама. Оның ерекшелігі – мәселені тек техникалық немесе заңнамалық тұрғыдан ғана емес, кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, өндірістік локализация және көпсалалы интеграция секілді кешенді деңгейде қарастыруында.
Неге дәл қазір және неге бұл маңызды?
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) болжамы бойынша, дрондармен байланысты көлік және логистика нарығы 2022 жылғы 11 млрд доллардан 2027 жылы 29 млрд долларға дейін өседі. Кей деректер бұл көрсеткіштің 2024 жылдың өзінде 35 млрд доллардан асып, 2029 жылы 67 млрд долларға жететінін айтады. Мұндай өсу қарқыны дрондарды жаһандық экономикадағы ірі ойыншылардың қатарына қосып отырғанын көрсетеді.
Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмауы тиіс. Себебі, дрондар – тек азаматтық салада емес, қауіпсіздік, экология, геодезия, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайларды бақылау сияқты көптеген салада қолданылып келе жатқан әмбебап құрал.
Тұжырымдама 5 негізгі бағытты қамтиды:
- Құқықтық негізді күшейту – ұшқышсыз авиацияны бақылау, тіркеу, жауапкершілік пен рұқсат беру ережелерін заманауи стандарттарға сай келтіру;
- Кәсіби кадр даярлау – дрон операторлары мен инженерлерін оқытатын орталықтар ашу, ЖОО-ларда пән ретінде енгізу;
- Ғылыми-технологиялық зерттеулерді қолдау – стартаптар мен инновациялық жобаларға қаржылық, инфрақұрылымдық қолдау көрсету;
- Локализация және өндіріс – дрондардың бөлшектерін ел ішінде шығару, импортқа тәуелділікті азайту;
- Салааралық интеграция – дрондарды ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика сынды нақты секторларға енгізу.
Дрондарға қатысты толық шолуды El.kz интернет порталынан оқи аласыздар.