Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Аспанда қалықтап жүруді армандады" – тікұшақ апатынан көз жұмған әскеридің анасы

12 Тамыз 2025, 10:38
987
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Сорбұлақтағы тікұшақ апатынан қаза тапқан әскеридің анасы баласы туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

10 тамызда Түркістан облысы, Төлеби ауданы Ленгір қаласының тумасы Нұржігіт Үйсінбаевты жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Отбасындағы екі ұлдың үлкені Нұржігіт авиация саласында қызмет етуді бала күнінен армандаған екен. Небәрі 33 жасында бақилық болған майор техниканы жан-тәнімен сүйген.

Жастайынан әскери болуды армандады ғой. Кішкентайынан тәртіпке бағынып, бәрімізді де тәртіппен жүргізетін. Кішкентайым болса да, ақылшым болатын. Аспанда қалықтап жүруді бала кезінен армандады. Бүкіл өмірін осы әскери авиацияға арнады. Күндіз-түні ұшты. Мыңдаған сағаттар жинады. Санатын да көтерді. Бүкіл оқуын оқыды. Қандай жаңа шыққан оқу болса біреуінен қалмады. Қатарының алды болды, - деп жоқтады қара жамылған ана.

Нұржігіт Үйсінбаев отбасында екі ұлдың үлкені екен. Арманы алдамай, 2010 жылы Ақтөбедегі "Әуе қорғанысы" училищесіне жетелейді. Арманына қол созған сәті – өміріндегі ең бақытты кезеңдердің бірі еді. 2014 жылы лейтенант шенін алып, аспанға қанат қақты. Содан бері он бір жыл бойы сүйікті тікұшағын тізгіндеп, көк жүзінде қалықтады. Сол темір қанат – оның жан серігі, өмірінің мәніне айналған.

Інісі Ержігіт Медетовтің айтуынша, ағасы жұмысына жан-тәнімен берілген, мінезі тік, жүрегі таза жан еді. Зиянды әдеттерден аулақ, еңбексүйгіш, адал азамат еді деп еске алады бауыры. Үйдің үлкені болған соң бауырларына қамқор, арқасүйер аға болды.

Сол тікұшағымен кетті… Түрінен бірден таныдым. Бет-бейнесі сол күйінде сақталыпты. 15 күннен кейін ғана таптық. Үйдің үлкені болған соң бәріміз оған сенетінбіз. Еркелейтінбіз, - дейді көз жасын әрең тыйған Ержігіт.

Марқұм туған топырағына жерленді. Соңғы рет жұмыс сапарына дәл осы Ленгір қаласынан аттанған екен.

Өзім шығарып салдым. Еш алаңсыз кеткен еді. Мамам екеуі Алматыда тұратын. Қазір бәрі түс секілді. Кеше ғана күліп-ойнап, "Барып келемін, қарсы ал!" деп кеткен. Бірақ біз оны осылай қарсы алатынымызды білген жоқпыз… Жұмысы үшін жанын берді ғой, – деп қосты інісі.

Екі апта бұрын Алматы облысы Сорбұлақ маңында тікұшақ жоғалды. Төтенше жағдай министрлігі сол күннен бері күндіз-түні тікұшақты іздестірді. Ал 10 тамызда көкте еркін қалықтаған командирдің денесі анықталды.

Сүңгуірлер ұшақты таптық деп хабарлады. "Бір адам бар" деді. Мәйітханаға апарғанда ағам екенін бірден таныдым. Суға батып кеткен тікұшақтың жанынан алыпты. Ішінде емес, сыртында болған екен. Қалай болғанын білмеймін, тек судың астынан алып шыққандарын білемін. Кешке қарай ұшақпен үйге жеткізді, – дейді Ержігіт Медетов.

Қара жамылған отбасы іздеу-құтқару жұмыстарына атсалысқан мамандарға шексіз алғыс білдірді. Ал істің мән-жайын тергеу органдарына тапсырды.

Еске салайық, кеше Павлодар облысында 32 жастағы майор Бахтияр Ержігітовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

25 шілде күні ҚР Қорғаныс министрлігінің Әуе күштеріне тиесілі EC-145 "Еурокоптер" әскери тікұшағы Жамбыл облысы, Отар ауылы маңында радардан жоғалып кеткен. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Бұл тікұшақ шамамен 2020-2021 жылдары қару-жарақ қатарына алынған.

Іздеу жұмыстарына дрондар, эхолоттар және 13 жүзу құралы жұмылдырылды. Сорбұлақ көлінің акваториясы мұқият тексеру үшін секторларға бөлініп, қосымша техника мен қайықтар тартылды. Операцияға бірнеше өңірден әскери бөлімдер, ТЖМ және ІІМ күштері қатысты.

"Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыштың жары жұрттың жүрегін елжіретті.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарының барысымен жеке танысты.

Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасып жатқаны жайлы да жаздық.

9 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінде жүргізілген су астындағы іздеу барысында ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың кейбір фрагменттерін және бір адамның денесін тапты. Ал кеше, яғни 10 тамызда тікұшақ апатында қаза тапқан екінші әскеридің денесі де табылды.

Өзгелердің жаңалығы