Асламбек Мерғалиев: Реформалар сөзсіз қажет

21 Маусым 2019, 15:23
2435
Бөлісу:
Асламбек Мерғалиев: Реформалар сөзсіз қажет

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде мәлімдеген еді. Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев осы туралы пікір білдірді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс», - деді. Сот төрағасы осы жөнінде айта келіп, бүгінгі жүйедегі талаптарды тілге тиек етті. 

«Қазір судьялыққа кандидаттар үшін жас шектелімі 30 жасқа дейін көтерілді. Сот процестеріне тікелей қатысқан жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. Сонымен қоса, кәсіби біліктілік емтихандарын тапсыру барысында қосымша жағдаяттық сынақтар мен психологиялық тестілеу жүйесі енгізілген. Кандидаттар өздерінің судьялар тағайындау туралы мәселені шешу алдында жұмыс жасап жатқан соттарда бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Тағайындалған соң бір жылдық сынақ кезеңі бар», - деді Асламбек Мерғалиев. 

Сондай-ақ, сот төрағасы қолға алынғалы отырған реформалар төңірегінде ойын білдірді. 

«Біздің әлеміміз, тіршілік ортамыз, өзгеріп жатқандықтан, бұл реформалар сөзсіз қажет. Дамудан қалып қоймау, уақытқа сәйкес келу үшін күн сайын оқуды жалғастырамыз. Елімізге пайдалы болғымыз келеді. Заман көшінен қалмау үшін міндетті түрде алға қозғалу қажет», - деді төраға. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қостанай облыстық соты сегіз пилоттық жабаға қатысып жатыр. Олар: «Отбасылық сот», «Түнгі сот», «Соттағы бітімгершілік рәсімдер», «Сот демалысы», «Виртуалдық сот», «Еңбек және көпшілік-құқықтық даулардың алдын алу», «Фронт-офис», «Судья көмекшісі». 2019 жылдың басынан облыс соттарында кешкі уақытта 272 әкімшілік іс қаралған. Бес айға жуық мерзім ішінде «Виртуалды сот» жобасы бойынша тараптардың қатысуынсыз 433 іске үкім шығарылған. 

«Келіп кетушілерге ыңғайлы болу үшін Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты базасында «Фронт-офис» пилоттық жобасы іске асырылған. Жақын арада келушілер легі көп Қостанай, Рудный, Лисаков қалалық соттарында фронт-офистер ашу жоспарланған. Қазақстан сот жүйесінің жылдамдығы мен ашықтығы, қолжетімділігі, жұмысқа қатынасы, келушілер үшін жайлы жағдай туғызуы, мобильділігі, ойлау өзгерісі бүгін айқын байқалуда. ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов 2019 жылды «Сот төрелігінің сапа жылы» деп жариялаған. Қойылған міндеттерді орындауға бар күшімізді салмақпыз», - деді Асламбек Амангелдіұлы.

Өзгелердің жаңалығы