Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Орталық аппаратында мекеме басшысының орынбасары полковник Дәулет Жұмабековтің басшылығымен «Суицидтік көңіл-күй мен ойынпаздық себептері, диагностика және алдын алу (психокоррекция)» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Әскерді әлеуметтің құрамынан ажырата алмаймыз. Сондықтан да қоғамдағы кейбір түйткілді мәселелер әскерді де айналып өтпесі белгілі. Әскери қалашықтардың сыртындағы жұқпалы дерт әскери ортаға еніп кетпес үшін алдын ала қамданған абзал.
«Көкейкесті мәселені талқылауға Қазақстан Республикасы ҰҚК кадрлар департаментінің, Бас әскери прокуратураның, Ұлттық Ұланның, Қорғаныс Министрілігінің, Наркология және психотерапия орталығының, Елорда әкімшілігі жанындағы Психикалық денсаулық медициналық орталығының, Әскери полиция департаментінің, М. Нәрікбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік заң университетінің Басқару, қауіпсіздік және арнайы бағдарламалар академиясының мамандарынан құралған құзыретті топ пен Шекара қызметінің өзге де лауазымды тұлғалары қатысты. Дөңгелек үстел онлайн-бейнеконференциялық байланыс жолымен мекеменің Өңірлік басқармалар басшылары мен олардың орынбасарларын, психолог офицерлерін де біріктірді», - делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі таратхан ақпаратта.
Қоғам үшін өте өзекті әлеуметтік мәселелер қатарынан табылып отырған - ойынпаздық, соның салдарынан ара-тұра кездесіп қалатын суицидтік көңіл-күй азаматтық ортадан аластатылуы тиіс, ал әскери ортаға мүлдем жолатуға болмайтын құбылыстар. Өйткені ол әскери қызметшілердің тәртібіне тікелей әсер етіп, әскери бөлімдер мен құрамалардағы жауынгерлік дайындықты әлсіретеді. Қаншама отбасыларды ойран етіп, «менмін» дейтін атпал азаматтарды жүндей түтіп, терідей илеген осы тажалмен күрес, оған душар болған адамдарды анықтау жолдары, оңалту шаралары туралы дәрігер-суицидолог Екатерина Миронова, дәрігер-психиатр Ольга Когай, психологтар Анна Поздеева мен Владимир Пошатылюк т.б. өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар: азаматтық орта мен қуатты құрылымдар медициналық, білім беру және өзге де мемлекеттік мекемелермен аталмыш мәселе төңірегінде тығыз қарым-қатынас ұстануы керек екендігі, өзара ақпаратпен дер кезінде алмасып, бірлескен шараларды ақылдаса отырып атқару туралы байламға келді, нақты шешімдер қабылданды.