Әскери зейнеткерлердің баспана алудағы мәселесі қандай?

22 Қыркүйек 2021, 14:09
2784
Бөлісу:
Әскери зейнеткерлердің баспана алудағы мәселесі қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламенттің жалпы отырысында депутат Ғазиз Құлахметов әскери зейнеткерлердің проблемасын айтып, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Себебі құзырлы органдардың жауабына қанағаттанбаған.

Алдында берілген жауапта запасқа 2013-2018 жылдар аралығында кеткен әскери қызметкерлердің құқығы шектелген жоқ, ол азаматтарға коммуналдық баспана қорынан, мемлекеттік мекеме есебінен тұрғын үй берілді деген уәж келтірілген көрінеді.

Айтылғандар рас болса, азаматтар өз проблемаларын осы күнге дейін неге көтереді? Ресми жауапта проблемасы бар азаматтар саны небәрі 20 адам деген ақпараттың да адалдығы күмәнді. Себебі, мұң-мұқтаж, арыз-шағымын аймақты аралау кезінде жүзбе-жүз, жұмыс мекенжайына, одан қалды жеке поштаға жолдағандар саны әлдеқайда көп, - деді Құлахметов.

Ол Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты зейнеткерлердің (құтқарушы боп қызмет еткен азаматтар), кейбір құқық қорғау органдары мен Аякөз, Талдықорған, Қапшағай, Жаркент, Сарыөзек, Жетіген, Арыс, Шымкент, Гвардейск, Луговской әскери гарнизондарында қызмет еткен әскери зейнеткерлердің аманатына соңына дейін адал болуды көздегенін алға тартты.

Оның айтуынша, еліміздің «Тұрғын үй қарым-қатынастары», «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі» туралы заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажет. «Тұрғын үй қарым-қатынастары» туралы заң бойынша әскерилер жұмыстан кету мерзіміне қарай үш санатқа жіктелген.

2013 жылға дейін; 2013-2018 жыл аралығы және 2018 жылдан бастап кеткендерге әр түрлі нормалар қолданылады. Біздің ойымызша, дискриминациялық градацияны, алып тастап, бәріне ортақ норма қолдану керек. Осы ретте, «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі» туралы заңының 55-бабындағы 6; 6-1; 7 тармақтарды алып тастаған жөн, - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ үй айырбастау нормасы да проблема болып отырғанын алға тартты. Заңның 98 бабында 2013-2018 жылдар аралығында әскери қызметтен кеткен азаматтар сотқа барғанда 101-баптың 5-тармақшасына сәйкес, меншік иесінің рұқсатын алуға міндетті боп шығады.

Меншік иесі бұл жағдайда – әскери бөлімнің командирі. Ол да баспана қоры жоқ деп, рұқсатты бермейді. Сондықтан 101-2 бабының 4 тармағын, 98 бапты алып тастап, әскери қызметтен кеткен, әлі де кететін қызметкерлерге 101-2 бабының 5, 6 тармақтарын қолданған әділді. Мүгедек әскери зейнеткерлер мен денсаулығына байланысты әскери қызметтен кетуге мәжбүр болған азаматтардың жәй-күйі де мәз емес. Баспана төлемін соттың бірінші инстанция шешімімен алып, кейін соттың жоғарғы инстанция шешімімен қайтадан ол ақшаларын қайтаруға мәжбүр боп жатқан азаматтар да баршылық, - деді ол.

Мәжілісмен жоғарыда айтылған азаматтардың баспана алу мүмкіндігін шектеу әлеуметтік принциптерге қайшы дейді. Ол мәселені шешуге салалық министрліктер – Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігін атсалысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы