Ақтаудағы 29011 әскери бөлімінде ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Серік Борамбаев "Бірлестік – 2024" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен бірлескен әскери маневрлер «Оймаша» оқу полигонында, Қарақия ауданының Тоқмақ мүйісі мен Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында өткізілген болатын. Жаттығуға 4000 адам қатысып, 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері жергілікті жер мен қарсыласты барлау, жүктер мен жеке құрамды тасымалдау, теңіз десантын түсіру, дұшпанның көзін жою және диверсияға қарсы іс-шаралар өткізу сияқты оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Оқу-жаттығу қорытындылары пысықталған жиында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары
1-дәрежелі капитан Данияр Хайрушев тактикалық іс-қимылдар мен атыс нәтижелеріне талдау жасады.
Бас қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов маневрлерді өткізу кезеңінде жоғары асқақ рухты, ұйымшылдыққа негізделген өзара көмек пен жауынгерлік жолдастықты ерекше атап өтті. Ол тапсырманы орындау кезінде көрсеткен ынта-жігері және оқу-жаттығу барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылған әскери қызметшілерге алғыс білдірді.
Жаттығу бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді. Көздеген межеге қол жеткізіп, қойылған міндеттер жоғары сапалы деңгейде орындалды. Әскери-теңіз күштері бөлімшелерінің командирлері тапсырмаларды орындауды ұйымдастыруда, бөлімшелерді үздіксіз және тұрақты басқаруда, тынымсыз өзара іс-қимылды үйлестіруде және қолдауда жақсы тәжірибеге ие болды. Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша әр командир қандай бағытта жұмыс істеу керектігін және негізгі күш-жігерді не нәрсеге жұмсау қажеттігін түсінгеніне сенімдімін, - деп қорытындылады генерал-майор Серік Борамбаев.
«Бірлестік – 2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуының нәтижелері бойынша тұжырымдар Әскери-теңіз күштері жеке құрамының жауынгерлік оқуын одан әрі жоспарлау және жетілдіру үшін ескерілетіні атап өтілді.
Жиналыс барысында барлық бөлімшелерге және әрбір әскери қызметшінің жұмысына баға беріліп, жиырма бір әскери қызметші грамоталармен марапатталды. Жоғары нәтиже көрсеткен мерзімді қызмет матростары Әлішер Кенжеғалиев пен Диас Медетов Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының қолынан атаулы сағаттар алды.