Әскери-теңіз күштеріне - 30 жыл: Қорғаныс министрі әкерилерді құттықтады

2 Сәуір 2023, 10:30
1076
Бөлісу:
Әскери-теңіз күштеріне - 30 жыл: Қорғаныс министрі әкерилерді құттықтады
VIDEO
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери теңізшілерді Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті әскери теңізшілер! Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштердің басшылығы, өз атымнан Сіздерді, барша ардагерлерді Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік тірегіне айналған Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері Қазақстанның Каспий теңізі секторында егеменді еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін, тәуелсіздігі мен ел тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп келеді, - деді ол.

Жақсылықов әскери теңізшілер өздеріне артылған сенімді абыроймен орындап, оқу-жауынгерлік міндеттерді атқаруда кәсіби шеберлік танытып келе жатқанын атап өтті.

Құрылған уақыттан бастап отыз жыл ішінде қарт Каспийдің атырабында ұйымдастырылған барлық кешенді жаттығуларда Сіздер білікті маман екендеріңізді байқатып, сенімге селкеу түсірген емессіздер. Мерейлі кәсіби мейрамда баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, қызметте қырағылық, өмірде үлкен белестерді бағындыруда сәттілік тілеймін, - деді ҚР Қорғаныс министрі.

Сонымен қатар әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов жеке құрамды осы айтулы күнмен құттықтап, әскери теңізшілерге зор денсаулық, отбасыларына ынтымақ тіледі.

Айта кетейік, 2 сәуір – қазақстандық әскери теңізшілер үшін ерекше күн. 1993 жылы осы күні ел Президенті Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мемлекеттің аумақтық тұтастығын көздің қарашығындай қорғау, ел егемендігі мен экономикалық мүдделерін сақтау сынды ауқымды міндеттерді орындайды.

Өзгелердің жаңалығы