Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі барынша цифрландыру екенін атап өткен болатын.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлық мемлекеттік органдар тұрақты түрде мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қорғаныс ведомствосы да бұдан тыс қалмай цифрландыру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру процестерін автоматтандыру арқылы іске асырады. Бұл жайлы толығырақ бүгінгі студия қонағы – Қорғаныс министрлігі Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының бастығы полковник Қайыржан Бимолдин әңгімелеп берді.
-Қорғаныс министрлігі «Зейнетақы аударымдары» бағдарламасын іске қосқаны бәріне мәлім. Мұның ерекшеліктері қандай және зейнетақыны ресімдеу процедурасын қаншалықты қысқартады? Осы жөнінде әңгіме өрбітсек.
-Иә, шынымен елімізде жүріп жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қорғаныс министрлігінің жүйесі автоматтандырылды. Оның ішінде бірінші мәселе зейнетақы тағайындау, қайта қарау, жаңғырту процестері автоматтандырылды. Бұрынғы жүйе бойынша бұның бәрі қолмен істелінетін. Зейнетақы төлемдерінің көшірмелері пошта арқылы жіберілетін. Бүгінде бұның бәрі интеграциялық жүйе бойынша бірнеше секундтың ішінде жетеді. Бұрын тағайындау туралы құжаттар 2 айдың ішінде поштамен барып жатса, бүгінде екі жұма, бір айдың ішінде іске асатын жағдайға жетті.
-Әскери қызметшілердің зейнетақысы қалай есептеледі? Нақты мысал келтіре кетсеңіз? Зейнетке шығу үшін әскери қызметші қандай құжаттар дайындауы керек?
-Әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау нормалары «Қазақстан Республикасының Зейнетақы туралы» заңында қарастырылған. Ол әскери қызметшінің еңбек өтіліне тікелей байланысты. Нақты айтсақ егер 25 жыл еңбек өтілі болса, әскери қызметшіге 50 пайыз зейнетақы тағайындалады. Ал 25-тен астам жылдарына әр жылға 2 пайыздан қосылып отырады. Сәйкесінше егер 30 жыл еңбек өтілі бар әскери қызметшіге өзінің алып отырған жалақысының 60 пайыз зейнетақы тағайындалады.
-Одан бөлек зейнетақыны көтеру қалай іске асады?
-Зейнетақы көтеру нормасы ҚР Зейнетақы жүйесі туралы заңында қарастырылған. Оның мөлшері жылдық республикалық бюджетті бекіту туралы заңда мөлшері қарастырылады. Соған сәйкес көрсетілген мөлшер бойынша жылда біз автоаматтандырылған түрде қайта қараймыз.
-Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру жөнінде заңға қандай өзгерістер енгізілді? Әскери қызметшілердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жоспарда бар ма? (егер рас болса, бұған әскери қызметшілердің көзқарасы қандай?) бұл жөнінде не айтасыз?
-Ең үлкен үкімет жағынан бекітілген норма бұл, барлық әскери қызметшілер мемлекеттік бюджет арқылы зейнетақы тағайындау жүйесіне көшті. Бұрын 2016 жылға дейін жинақтау жүйесінде болғанбыз. Бұл өте жақсы жетістік деп ойлаймын. Жасы бойынша ұзарту «Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда қарастырылған. Биыл ол заңға өзгерістер енгізілді. Бес жылға дейін ұзарту нормасы енгізілген. Соған сәйкесінше әскери қызметшінің жасын 5 жылға дейін созуға болады. Келешектегі жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтатын болсақ, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін жаңғырту жөнінде концепция бекітілген. Сол концепцияға сәйкес бүгінгі күнде Әлеуметтік кодексті дайындап, үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Соны бекітіп, сол кодекске бүгінгі күні әскери зейнеткерлер, әскери қызметшілер көтеріп жатқан мәселелер туралы ұсыныстар жасалды. Осыларды жұмыс ретінде қарастыратын боламыз.