2025 жылғы 1 қаңтарда Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкір Мұсаев 100 жасқа толды.
Майдангерді жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері, Amanat партиясы облыстық филиалының өкілдері, Қарулы күштердің, Ауған және басқа да жергілікті соғыстардың ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері құттықтады.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев мерейтой иесіне Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтау хаты мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
Бүгінгі бейбіт күн үшін ардагерлерге қарыздармыз. Олардың ерлігі бейбіт өмірдің іргетасы болды, – деп атап өтті подполковник Ж.Күлдербаев.
Зәкір Мұсаевтың өмірі әскери борышқа адалдықтың үлгісі. Ол 1925 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылды. Әпкесі Ангир екеуін анасы жалғыз тәрбиелеп өсірді.
1943 жылы 18 жасында Зәкір Мұсаев әскер қатарына шақырылды. Ол Петропавлда 44-ші полкте қызмет етіп, сол жылдың қыркүйегінде өз еркімен майданға аттанды. Соғыс екі рет жарақат алды. Ардагердің майдандағы еңбегі бағаланып, Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және 13 жауынгерлік медальмен марапатталды.
Соғыстан кейін Зәкір Мұсаев 1950 жылға дейін Дрездендегі НКВД ғимаратында күзет бөлімінде қызмет етті. Туған жеріне оралып, алдымен Калинин атындағы колхозда, содан кейін партияның XXIII съезі атындағы кеңшардың Иқан мақта станциясында есепші болып жұмыс істеді.
Зәкір Мұсаев 1985 жылы зейнетке шықты. Ол жұбайымен бірге төрт қыз, бір ұлын тәрбиелеп өсірді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан он ардагер қалды.