Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Әскери полиция органдары туралы заңға бірқатар түзетулер енгізіліп, мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, бұл заң әскери полицияның мәртебесі мен қызметін айқындау үшін әзірленген.
Осы заң арқылы әскери полиция органдарының құзыреті мен өкілеттіктері белгіленеді. Әскери қызметшілердің құқықтық жағдайы, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз ету мәселелері де реттеледі. Алдағы уақытта бұл заңдар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деп атап өтті Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Заң әскери полиция органдарының қызметін жетілдіруді мақсат тұтқан. Әскери полиция органдарының міндеттерін, құзыретін, құрылымын, өкілеттіктерін айқындау, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан функцияларын заңнамалық тұрғыдан бекіту бөлігінде өзгерістер көзделген. Әскери полиция органдарының күштік ведомстволарға тиесілігі мен бағыну тәртібі, сондай-ақ олардың өзара және басқа да мемлекеттік органдармен іс-қимыл жасау тәртібі реттелген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенатта тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты заң мақұлданған болатын.